Тізімге 100 делегат сайлаған 7 қатысушы енді
Nur Otan партиясы Алматы қаласынан Парламент Мәжілісінің депутаттығына ұсынылатын кандидаттарды анықтады. Бүгін үміткеркерлерді іріктеу үшін дебаттық турнир өтіп, оған 13 адам қатысты. Нәтижесінде 7 азамат жоғары рейтинг жинады. Сондай-ақ, Nur Otan партиясының Алматы қалалық мәслихатына арналған партиялық тізім жасалды. Толығырақ Almaty.tv тілшісі Назкен Еркін тарқатады.
Nur Otan партиясының 26-қалалық конференциясы өтіп, онда Алматыдан Парламент Мәжілісінің депутаттығына сайланатын кандидаттарды анықтауға арналған дебаттық турнир өтті. Қала бойынша депутаттыққа үміткер 13 адам қатысты. Кандидаттар бірінші раундта өздерінің сайлауалды бағдарламаларын таныстырды. Екіншісінде «сұрақ-жауап» форматында алғаш рет пікірталас өткізілді.
«Мен өзім сайлауалды бағдарламамда білім, жастар және отбасы мәселелерінің түбегейлі шешілуін заңнамалық бекітуді ұсынған болатынмын. Сондықтан соны нақты айтып өттім. Оның ішінде сапалы білімге қолжетімділікті қамтамасыз ету. Сонымен қатар, жастардың экономикалық мүмкіндігін, әлеуметтік әлеуетін арттыру және қазақстандық отбасының жаңа моделін қалыптастыру. Отбасылық құндылықтарды бекіту», – деді қалалық Физика-математика бағытындағы Назарбаев интеллектуалдық мектебінің директоры Жұлдыз Сүлейменова.
Партия мүшелері 13 үміткердің ішінен «Праймериз» платформасы арқылы 7 кандидатты таңдады. Соның ішінде Парламент Мәжілісінің депутаты Артур Платонов, Алмалы ауданының әкімі Бекқали Торғаев, қалалық Физика-математика бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің директоры Жұлдыз Сүлейменова, қалалық Қоғамдық кеңестің хатшысы Алтынай Көбеева, қалалық мәслихат депутаты Константин Авершин, қалалық Jas Otan жастар қанаты филиалының төрағасы Мәди Ахметов, «Алматы көпір құрылысы зауытының» бас директоры Шухрат Шардинов жоғары рейтингі жинаған.
«Алматы – ерекше қала. Бұл енді республикамыздың өзекті проблеманің көпшілігі осында. Оны шешу жолдарының деңгейі де жоғары. Сол сияқты бұлар Алматының тәжірибесін Парламентке жеткізетін болса, Парламент деңгейінің өсетініне ешқандай күмән жоқ. Олар мәселелерді шешуде өңірлерге қалай қарау керек екенін тәжірибесін жеткізеді деп ойлаймын», – деді Nur Оtan партиясы саяси кеңесінің бюро мүшесі Рахман Алшанов.
Сондай-ақ, конференция барысында қалалық мәслихатқа партиялық кандидаттардың тізімі белгілі болды. Оның қатарына ең жоғары дауыс жинаған 78 праймеризге қатысушы ілінген. Тізімге белгілі қоғам қайраткерлері, азаматтық сектор мен БАҚ өкілдері кірді. Жалпы Праймеризге қаладан 200-ге жуық адам қатысқан.
«Жалпы Алматы қаласы бойынша партиялық тізімге 78 адамның ішінде 35% - әйелдер, 20% жастар, 3 көп балалы ана, 3 қандас және 1 қажеттігі бар адам енді», – деді Nur Otan партиясы қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Станислав Канкуров.
Жалпы қала бойынша үгіт-насихат жұмысының барлық кезеңінде праймериз кандидаттарымен 5 мыңға жуық кездесу өткізілген. 40-тан астам дебаттық турнир ұйымдастырылған. Бұған дейін «Nur Otan» партиясы өңірлік филиалдарда өтетін конференция кестесін жариялаған еді. Соған сәйкес барлық деңгейдегі мәслихаттарға партиялық тізімдер мен әр өңірден Мәжіліске үмітті кандидаттарды анықтау жоспарланған. Жоғары рейтинг жинап таңдалған азаматтар желтоқсанда өтетін партия съезіне дейін үгіт-насихат жұмыстарын жүргізеді. Ал қаңтарда соңғы кезең өткізіліп, онда Парламент Мәжілісінің депутаттығына сайланғандар белгілі болады.
Назкен Еркін, Мұрат Тайжанов, Ғани Қалуов, «Алматы» арнасы