Бүгін Қазақстан Республикасы президенттігінен үміткерлердің мемлекеттік тілді еркін меңгергенін анықтайтын лингвистикалық комиссия құрылды6 деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі. Олар үміткерлердің қазақ тілінде сауатты оқып, жазып, ойларын еркін жеткізе білуімен қатар, көпшіліктің алдында сөз саптай алатындығын тексереді.
Сайлау жарияланғаннан кейін Орталық сайлау комиссиясы Білім және ғылым министрлігімен, сондай-ақ, еліміздің белді жоғарғы оқу орындарының ректорларымен кеңес өткізген. Кеңес барысында лингвистикалық комиссия мүшелері бекітілді.
«Олар: филология ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ҰҒА академигі, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Түркітану кафедрасының меңгерушісі Мырзатай Жолдасбеков; филология ғылымдарының докторы, профессор, Халықаралық жоғары мектеп ғылым академиясының академигі Әділ Ахметов; философия ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ҰҒА академигі Ғарифолла Есім; филология ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ҰҒА академигі, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті қазақ әдебиеті кафедрасының меңгерушісі Сейіт Қасқабасов», - дейді ҚР Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Ләззат СҮЛЕЙМЕН.
Сонымен қатар, Орталық сайлау комиссиясы президенттікке үміткер ретінде тіркелгісі келетіндердің психикалық аурудың 107 түріне тексерілетінін мәлімдеді. Бір қызығы, олардың басқа физикалық параметрлері мүлдем ескерілмейді.
«Президенттікке үміткер ретінде тіркелуге кедергі келтіретін 107 психикалық ауру тізбесі бекітілді. Сол бойынша әрбір үміткерді психиатор мамандар жете тексереді. Мәселен, интеллектісі төмен, есте сақтау қабілеті нашар, әр түрлі елес көретін, яғни, қоршаған ортаға қауіпті адамдар үміткер бола алмайды. Сондай-ақ, осы ретте тұқым қуалайтын аурулар да ескеріледі. Анықтама үш күнде беріледі, яғни, анықтама тек сайлау науқаны өткенше ғана жарайды», – дейді ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Ләззат АҚТАЕВА.