Бұл туралы Президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли өзінің Facebook-тегі парақшасында жазды
«Біз Арысты қалай бірігіп қалпына келтірсек, бұл дертті де солай бірлесіп жеңеміз». Бүгін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістан облысына жұмыс сапары барысында осылай айтты, деп хабарлайды Almaty.tv.
Былтырғы Арыс қаласында болған жарылыстан бүлінген нысандардың бірі - темір жол бекетінің ғимараты болатын. Мемлекет басшысы «Арыс-1» теміржол вокзалының қазіргі ахуалымен, Арыс қаласын қайта қалпына келтіру жұмыстарымен танысып, тұрғындармен кездесті. Ол орасан жұмыс атқарылғанын, мемлекет тарапынан қомақты қаржы бөлінгенін атап өтті. Ғасырлық тарихы бар вокзал ғимаратының қала тұрғындары үшін маңызды екенін де тілге тиек етті. Барша қазақстандықтар Арыстағы ағайынның жағдайына алаңдағанын, ұйымшылдықтың арқасында осындай ауқымды жұмыс атқарылғанын айтты.
«Бұл Қазақстанда жаппай құрылыс болды, деп айтсақ артық болмайды. Себебі шын мәнінде, әр аймақтан, әр өңірден, Қазақстанның түкпір-түкпірінен көптеген адамдар келіп, мамандар келіп, еріктілер, демеушілер, былай айтқанда, бүкіл қаланы қалпына келтірді. Соларға үлкен рахмет, ризашылығымды айтқым келеді», – деді Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.
Бұдан бөлек, Президент жарылыс болған Арыс қаласындағы № 44-859 әскери бөліміне де барып, оның бүгінгі жағдайымен танысты. Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев өткен жылғы жарылыстан кейін қоймадағы оқ-дәрілерді кәдеге жарату және оларды тасымалдау жұмыстары жайында баяндады. Қасым-Жомарт Тоқаев оқ-дәрілердің қауіпсіз сақталуын қамтамасыз ету мақсатында Үкіметке қазіргі заманға сай қоймалар салу үшін қажетті шаралар қабылдауды тапсырды. Олардың елді мекендерден алыс жерлерде салынуын, жарамсыз оқ-дәрілерді уақытылы жою қажеттігін де ескертті. Сондай-ақ, жұмыс сапары барысында мемлекет басшысы Сардоба су қоймасындағы апаттан зардап шеккен тұрғындар үшін Мырзакент ауылында салынып жатқан жаңа ықшамауданның құрылысымен танысты. Апат салдарынан 4 мыңға жуық халық зардап шегіп, 500-ден астам баспана толығымен бұзылып, қайта салынған болатын.
«Шын мәнісінде, апат деген айтып келмейді ғой. Оқыс оқиға болды. Оған қарамастан мемлекетіміз шұғыл түрде Тиісті шараларды қабылдап, жергілікті тұрғындарға көмек көрсетті. Нәтиже өте керемет, біз бүгін қарап шықтық. Жақсы үйлер салынды. Жалпы, ең басты мәселе – адам шығыны болған жоқ. Құдай сақтады. Қалғанын біз қолымыздан келгенше шешеміз. Ешқандай тосқауыл болмайды. Осы мүмкіндікті пайдаланып, құтқарушыларға, дәрігерлерге алғыс айтқым келеді. Жаңа қоныстарыңыз құтты болсын!» – деді Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.