Бүгін алматылықтар да Бірлік күнін тойлауда. Ынтымағы жарасқан түрлі диаспора өкілдері Абай алаңына жиналып, өздерінің ұлттық мәдениеті мен әдебиетін, әдет ғұрпын паш етіп жатыр. Көп ұлтты ұйыстырған мерекеге Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қатысып, ел халқына ақжарма тілегін айтты деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Татулық күнін қала тұрғындары тау баурайына жақын жерде, Абай алаңында жаппай тойлап жатыр. Қазақтың байтақ даласы бүгінде ондаған ұлт өкілдеріне ортақ отан болды. Кезінде қудаланып, тағдырдың тәлкегімен қиындық көрген өзге ұлттар қазақ топырағынан пана тауып, түтінін түтетіп отыр. Бүгінде әрбір ұлтқа салт-дәстүрлерін жаңғыртуға, мәдениеті мен әдебиетін дамытуға, тілінің жетілуіне толықтай қамқорлық көрсетілген. Алматыға іс сапармен келген Президент Тоқаев та «Жалпыхалықтық мерекенің мақсаты – ел ішіндегі түрлі ұлт пен дін өкілдерінің бір-біріне деген сый-құрметін арттырып, татулықты, бірлікті, ортақ құндылықтарды одан әрі насихаттау» деп, халықты мерекемен құттықтады.
«Құрметті алматылықтар, барлықтарыңызды Бірлік күнімен құттықтаймын. Әсіресе, жастарды. Гүлдену мен татулық тілеймін. Алматыда көптеген ұлт өкілдері өмір сүріп жатыр. Әралуандығымызға қарамастан бірлікті сақтау - біздің саясатымыздың мәні осында. Берекелі еңбектің арқасында үлкен жетістіктерге жеттік», - деді ҚР Президенті.
«Бірлік болмай тірлік болмас», «Береке бастауы бірлік, ел іші тату тірлік» деген секілді бабаларымыздың айтып кеткен асыл сөздерін ұстанған қаймана қазақ өзге ұлттарға қай тұрғыдан да кемшілік көрсеткен емес. Мерекенің ең бір жарқын көрінісі ретінде этномәдени көрме ұйымдастырылды. Шағын музейлерден белгілі бір ұлтқа тән киім үлгілерін, үй заттарын, әшекейлерді көріп, ұлттық тағамдарының дәмін татуға болады.
Халыққа көтеріңкі көңіл күй сыйлау үшін Омск би хоры, «Салтанат» би ансамблі, ұйғырлардың «Ататүрік» би театры сынды көптеген ұжымдар өз ұлттарына тән өнерлерін көрсетті. 1995 жылы Қазақстан халықтарының бірлігі күні болып бектілген мереке бүгінде ұлтаралық татулық пен тұрақтылықтың феноменіне айналды. Қазақстан халықтары ассамблеясы құрылып, ол 470-тен астам республикалық, өңірлік, облыстық, қалалық ұлттық-мәдени бірлестіктердің басын біріктіріп отыр. Бұл тұрғыдан алғанда өзге этностардың жергілікті халыққа айтар алғысы аз емес.
Қазақстанның тұңғыш президенті, Қазақстан халқы ассамблеясының төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев ҚХА төрағасының екі орынбасарын жуырда ғана Ассамблеяның XXVII сессиясында тағайындағаны белгілі. Мақсат – ел аумағында тұратын өзге ұлттардың да ұлт тұтастығын нығайуға жұмылдыру, татулыққа жұмыс істеу.
Әлемдегі көптеген мемлекет бір-бірін экономикалық-саяси тұрғыдан тұқыртыуға тырысып жатқанда, ұлтқа тән өнерді, мәдениетті насихаттау, бір-бірінің барын бағалау ғана бірлікке бастау болмақ, ынтымақты арттырып, ырысты көбейтпек. Ал, Абай алаңындағы салтанатты шара күні бойы жалғасады.