Президент Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің басшылық құрамымен бейнебайланыс арқылы кеңес өткізіп, жаңадан тағайындалған төраға Асхат Жұмағалиды таныстырды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Ақордаға сілтеме жасап.
Қасым-Жомарт Тоқаев агенттіктің бұрынғы төрағасы Олжас Бектеновке атқарған жұмысы үшін ризашылығын білдіріп, оның жаңа қызметіне табыс тіледі.
Мемлекет басшысы Агенттіктің жаңа басшылығы мен жеке құрамына алдағы кезеңге арналған бірқатар міндет жүктеді. Президенттің айтуынша, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясаттың 2022-2026 жылдарға арналған тұжырымдамасында көрсетілген шараларды толық жүзеге асыру керек. Жоғары лауазымды шенеуніктер арасындағы, әсіресе, халқымыздың әл-ауқатына тікелей әсер ететін салалардағы жемқорлықты анықтау және оның жолын кесу жөніндегі қатаң тәсілді жалғастырған жөн. Президент жемқорлыққа итермелейтін жүйелі себептер мен жағдайларды жою маңызды екеніне назар аударды. Оның айтуынша, ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын тиісті деңгейде жүргізу керек.
Мемлекет басшысының айтуынша, тергеу жұмыстарының нәтижесінде Агенттік құны 108 миллиард теңге көлеміндегі шығынды қайтара алды. Бұл – оң нәтиже. Бірақ, сонымен қатар, бұл өткен кезеңдерде жемқорлық қаншалықты белең алғанын көрсетеді.
"Жемқорлықтың барлық түрімен ымырасыз күрес – мемлекетіміздің одан әрі дамуының басымдығы. Парақорлық, тамыр-таныстық, қоңырау шалу арқылы мәселе шешу және тағы басқа келеңсіздіктер жылдар бойы азаматтардың мемлекеттік институттарға деген сеніміне селкеу түсіргенін білесіздер. Осы орайда халықтың әділдікке деген үміті азая бастады. Сондықтан менің сайлау алдында берген уәделерімнің бірі жемқорлықты түбірімен жойғанша ымырасыз күрес жүргізу болды. Бұл істе Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі шешуші рөл атқарады. 2019 жылы маусымда құрылған сәттен бері аталған орган көптеген жұмыс атқарды. Оны мойындау керек. Жемқорлыққа қарсы күрес шараларының жүйесі белсенді дами бастады. Атап айтқанда, жаңа құқықтық институттар, өзіне бағынышты қызметкерлердің жемқорлық қылмысы үшін саяси және мемлекеттік тұлғалардың қызметтен кетуі, адалдыққа тексеріс, нормативтік-құқықтық актілерге жемқорлыққа қарсы жүргізілетін сараптама және тағы да басқа бастамалар осы санатқа кіреді. Олардың алғашқы нәтижелерін көріп отырмыз", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.