Алдағы сәрсенбі-бейсенбі күндері өтетін Астана саммитінен бастап Шанхай Ынтымақтастық Ұйымы толыққанды «Шанхай ондығы» форматында жұмыс істейді. Биыл Белорусь толыққанды мүше болып қабылданады екен. Аталған іс-шара Қазақстан үшін аса маңызды болмақ. Себебі, қатары көбейген ұйым мүшелерімен бірігіп атқаратын ауқымды жоспар Астанада бекітіледі. Содан кейін, қабылданған құжат аясында мемлекеттер өз міндеттерін орындайды. Бүгін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қытайдың Синьхуа агенттігіне берген сұхбатында дәл осы Шанхай ынтымақтастық ұйымының маңыздылығы туралы сөз еткен екен, деп хабарлайды Almaty.tv.
Қасым-Жомарт Тоқаев Шанхай Ынтымақтастық Ұйымымен ерекше қарым-қатынаста екенін атап өтті. Президенттің айтуынша, биыл 3 шілдеде, ширек ғасырдан сәл астам уақыттан кейін Шанхай кеңістігінің жиыны Қазақстанға қайта оралуының символикалық мәні бар. Қазір Қазақстан Шанхай ынтымақтастық ұйымына төрағалық етуде.
«Төрағалығымыздың шарықтау шегі Астанадағы саммит болады, оған біз баса көңіл бөлеміз. Біз Шанхай ынтымақтастық ұйымын одан әрі жетілдіру саласында стратегиялық маңызды шешімдер қабылданады деп күтеміз. Орта мерзімді келешекке арналған өзара іс-қимылдың негізгі бағыттары айқындалып, ағымдағы сын-қатерлер мен қауіптерге барабар және уақтылы ден қою үшін бастамалар әзірленетін болады», – деді Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.
Шанхай ынтымақтастық ұйымы 1996 жылы «Шанхай бестігі» болып құрылған. Ондағы мақсат – шекаралас мемлекеттер бейбітшілікті сақтай отырып, экстремизм, терроризм және сепаратизммен күресу еді. Уақыт өте келе аталған ұйымның қамтитын аспектілері кеңейді. Яғни, Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер сауда-экономикалық байланысты нығайта бастады. Қазақстан инвестициялық қор құру туралы ұсыныс айтып, қолдау тапқан еді. Енді, Астанада бас қосқан кезде жоспар құрылып, арнайы декларация қабылданады екен.
«Астана декларациясы деген бұл тарихтағы ерекше құжаттардың бірі болмақ. Өйткені, көптеген жылдар бойы ұйымға мүше ретінде келе жатқан Белорусь толыққанды мүше болып қабылданайын деп тұр. 5-6 жылдап бұл ұйымға бақылаушы ретінде қабылдана алмай келе жатқан мемлекеттер бар. Моңғолияның өзі бақылаушы мемлекет болып қабылданған жоқ. Ауғанстан бақылаушы мемлекет. Ал енді диалог ретіндегі серіктес мемлекет деген бар. Олар да келіп, қатысады осы жолы», – деді Қазақстан қоғамдық даму институты басқарма төрағасының орынбасары Олжас Бейсенбаев.
Парламентаризм институтының атқарушы директоры Жанар Төлендинова бұл саммит Қазақстанның өзге елдермен қарым-қатынасын нығайтуға үлкен мүмкіндік дейді. Сонымен қатар, елге инвестиция тартуға да тиімді алаң екен.
«Қазақстан әлемнен оқшауланған мемлекет емес. Сондықтан көрші елдермен қарым-қатынас нығайту үшін Шынхай ынтымақтастық ұйымының маңызы орасан зор. Аталған ұйымға мүше мемлекеттермен диалог орнатуға да өз ықпалын тигізіп жатыр. Сондықтан Астанада болатын шара біздің елдің беделін көтеретін, абыройын арттыратын шара болмақ», – деді ҚР Парламентаризм институтының атқарушы директоры Жанар Төлендинова.
Бүгінде Астана Шанхай Ынтымақтастық Ұйымына мүше мемлекеттерінің бас қосуына қызу дайындалып жатыр. Аталған іс-шараға бас-аяғы 16-ға жуық елдің президенті мен үкімет басшылары келіп қатысады делініп отыр.
Айта кетейік, саммит кезінде қазақстанның төрт қаласында террорлық қауіптің «сары» деңгейі енгізіледі. Яғни, 2-5 шілде аралығында Алматы, Астана, Қарағанды және Көкшетау қалаларында көлік пен жүргіншілердің қозғалысы шектеледі. Бұқаралық іс-шаралар өтетін орында патрульдік бақылау күшейеді. Адамдар көп жиналатын орындарда тексеріс жүреді. Әуежайлар мен теміржол вокзалдарында арнайы техника жұмыс істейтін болады.
Өмір Серікбекұлы, Нұрлан Өтегенов, Дастан Темірбекұлы, «Алматы» телеарнасы
Оқи отырыңыз: Алматы қаласы әкімінің орынбасары тағайындалды