Президент сапар барысында индустриалды кәсіпорындарды аралап көріп, өңірдегі егін жинау науқанының барысымен танысады
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жұмыс сапарымен Солтүстік Қазақстан облысына барды. Ол егін ору науқанымен танысып, электротехника және ауылшаруашылығы техникасын құрастыратын зауыттарды аралап, шетел инвесторларымен кездесті. Бірінші кезекте президент Қызылжар ауданы Бәйтерек ауылындағы «Сервис Жарс» шаруа қожалығының жұмысын пысықтап, серіктестік қызметкерлерімен әңгімелесті. Ауыл шаруашылығы мамандарымен тілдесу кезінде ұн экспорты мәселесін қозғады, деп хабарлайды Almaty.tv.
«Үкімет келешекте астыққа экспорт салығын енгізу мәселесін көтеріп отыр. Бірақ қазір қалыптасқан ахуалды ескере отырып, бұған әлі ерте деп ойлаймын. Сондықтан тауар өндірушілерге, әсіресе, ұн шығаратын кәсіпкерлер үшін субсидия механизмін қайта іске қосуымыз керек. Біз қосымша құнының деңгейі жоғары дайын әрі өңделген өнімдерді экспорттауға тиіспіз», – деді Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.
Келесі кезекте ел президенті Петропавлдағы ауыл шаруашылығы техникаларын құрастыратын «CLAAS», электротехника шығаратын «Alageum Electric» зауыттарын аралады. Онда астық жинайтын тракторлар, комбайндар мен тұқым себетін техникалар көрсетілді. Мемлекет басшысы зауыттың табысты дами беретініне сенім білдіріп, отандық өнім өндірушілерге Үкімет тарапынан жан-жақты көмек көрсетілетінін айтты. Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Мемлекет басшысын өңірдегі оң өзгерістер мен атқарылған жұмыстар нәтижесін таныстырды.
«Пандемияға қарамастан облыс экономикасының негізгі саласында өсім қамтамасыз етілді. Ауыл шаруашылығында 101, 7 пайыз, өнеркәсіпте 107,2 пайыз, инвестиция тарту, 124,5 пайыз, құрылыста 105,5 пайыз, баспана салуда 111 пайызға жетті. Халықтың табысы өсіп келеді, еңбек ақы қоры 18 пайызға, зейнетақы қоры 19, ал орташа еңбекақы 19 пайызға ұлғайды, 9 мыңнан аса жұмыс орны ашылды, жыл соңына дейін 12 мың жаңа жұмыс орны ашылатын болады», – деді облыс әкімі Құмар Ақсақалов.