Қазақстанның Тұңғыш Президентіне төсбелгі мен куәлікті Парламент Сенатының спикері Дариға Назарбаева табыстады. Ресми шарада сөз алған төрайым Елбасының жеткен жетістіктерін айтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Әсіресе, Қазақстанның іргетасын қалауында, елдің әлем танылуында және қос парламенттік палатаның кәсіби қалыптасуында Нұрсұлтан Назарбаевтың ерен еңбегі мен қосқан үлесі ерекше екенін айтты. Сондай-ақ Дариға Назарбаева төсбелгі сенаторлардың Тұңғыш Президентке деген терең құрметі дегенді де қоса кетті. Мұны Парламенттің Жоғарғы палата депутаттары құптады.
«Аса мәртебелі Елбасы, сізге «Құрметті Сенатор» мәртебесін беру тек Жоғарғы палата үшін емес, жалпы биліктің заң шығарушы тармағы, Парламент үшін де үлкен абырой, мәртебе деп түсінеміз. Мұны Тәуелсіз Қазақстанды Ұлы дала елін құру жолындағы орасан зор еңбегіңіздің кішкентай ғана өтеуі деп білеміз», – деді ҚР Парламенті Сенатының депутаты Мұрат БАҚТИЯРҰЛЫ.
«Қадірлі депутаттар мен сенаторлар, бүгін Сенатқа арнайы келіп, өздеріңізбен жүздескеніме өте қуаныштымын. Осы аласапыран 30 жылдың ішінде көбіңізбен қатар келе жатырмыз. Қуанышты да, қайғыны да бірге өткіздік. Мен осындай қос палаталы Парламентті заңды сүзгіден өткізіп, өңілердің ойын ескеру үшін жасадым. Бүгінгі шарада маған «Құрметті Сенатор» мәртебесін беру шешімін қабылдағандарыңыз үшін шын жүректен ризашылығымды білдіремін», – деді ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев.