Қасым-Жомарт Тоқаев Қырғыз еліндегі жағдайға байланысты пікір білдірді

14.10.2020 21:45

Қазақстан үшін Қырғызстандағы тұрақтылық стратегиялық серіктес әрі одақтас ретінде маңызды

akorda.kz

Ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев көрші Қырғыз еліндегі жағдайға байланысты пікір білдірді, деп хабарлайды Almaty.tv.

Мемлекет басшысы өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында былай деген:

 «Бауырлар Қырғыз еліндегі жағдайдың біртіндеп конституциялық жолға қайтқаны қуантады. Біз барлық саяси күштерді қақтығыстардың алғашқы сәтінен-ақ сабырға шақырдық. Президент Сооронбай Жээнбеков мемлекеттің легитимді басшысы. Сондықтан оның қақтығыстарды тоқтатып, елдегі ахуалды қалыпқа келтіруге бағытталған әрекеттерін қолдаймын. Қазақстан үшін Қырғызстандағы тұрақтылық стратегиялық серіктес әрі одақтас ретінде маңызды», – деп жазды.

Ал, Қырғыз елінің басшысы Сооронбай Жээнбеков Садыр Жапаровты премьер-министр қызметіне тағайындау мәселесін қайта қарауды ұсынды. Бұл туралы РИА новости агенттігі хабарлады. Басылымның мәліметінше, мемлекет басшысы жаңадан сайланған парламент спикері Қанат Исаевқа хат жолдаған. Онда премьер-министр қызметіне кандидат Садыр Жапаров ұсынған бағдарламаны бекіту, үкімет құрылымы мен құрамын айқындау туралы Жогорку Кенештің шешімдерін президент аппараты заңнаманың бұзылуына байланысты парламентке қайтарғаны туралы айтылған. Қырғызстан басшысы бұл мәселені Жогорку Кенештің кезекті отырысында белгіленген тәртіппен қарауды ұсынғаны жазылған.