Тәжірибелі маман бұған дейін бірқатар басқармаға жетекшілік еткен
Бүгін Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев бұған дейін қаланың туризм басқармасына жауапты болған шенеунікті жаңа ұжымға таныстырды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
33 жастағы Мақсат Қиқымовтың екі жоғары білімі бар. Тәжірибелі маман бұған дейін бірқатар басқармаға жетекшілік еткен.
Жаңа әкімге Сағынтаев абаттандыру жұмыстарын жетілдіруді тапсырды. Әсіресе жарықтандыру және инженерлік желілерді салу, тозығы жеткен тұрғын үйлерді бұзу мәселелеріне баса мән беру керек деді. Ауданның жаңа әкіміне мектептердегі орын жетіспеушілігін де шешу жүктелді. Ал бұған дейін ауданды басқарған Мұхтар Тәжібаевтың жұмысын Бақытжан Сағынтаев оң бағалады.
«Мұхтар Ілиясұлы Тәжібаев денсаулық жағдайына байланысты өз қызметінен босату жөнінде ұсыныс білдірді. Өздеріңіз білесіздер, ол кісінің жұмысы жаман болған жоқ. Екі жылда ауданда өндіріс 110 пайызға өсті. Сауда айналымы 107 пайызға, негізгі капиталға инвестиция 104 пайызға өсіп, салық түсімдерінің өсу қарқыны 120 пайызға өсіп, 10 мыңға жуық жұмыс орындары ашылды», деді Алматы қаласының әкімі Бақытжан САҒЫНТАЕВ.