Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік сапармен Өзбекстан Республикасына барып, Президент Шавкат Мирзиёевпен кездесті, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
«Сапар аясында Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёевпен жеке және кеңейтілген құрамда кездесулер өткізіп, бірқатар екі жақты құжаттарға қол қойылмақ. Сондай ақ, БАҚ өкілдері үшін брифинг өткізу жоспарланған. Сонымен қатар, Қасым-Жомарт Тоқаев Өзбекстандағы Қазақстан жылының салтанатты ашылу рәсіміне қатысады», - деп жазды Президент баспасөз қызметінің жетекшісі Берік Уәли.
Еске сала кетейік, Қазақстан Президентінің борты кеше Ташкент уақытымен 17.45-те Ислам Каримов атындағы халықаралық әуежайға қонды. Қасым-Жомарт Тоқаевты Өзбекстан премьер-министрі Абдулла Арипов, сыртқы істер министрі Абдулазиз Камилов пен Ташкент мэрі Джахонгир Артыкходжаевтар қарсы алды.
Кездесу Президент резиденциясынан басталды. Алаңда екі елдің әнұрандары шырқалды.
Қазақстандық делегация құрамында ҚР Сыртқы істер министрі Бейбіт Атамқұлов, ҰҚК төрағасы Кәрім Мәсімов, Президент әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары Дархан Қалетаев, премьер-министрдің орынбасары Жеңіс Қасымбек, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев, Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев, Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов, Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы, Президенттің көмекшісі Тимур Сулейменов, Қазақстанның Өзбекстандағы елшісі Дархан Сатыбалды, Энергетика министрі Қанат Бозымбаев және басқалар бар.