Тоқаев Қытайда тек қазақ тілінде сөйлеп жүр

11.09.2019 18:27

Президенттің Қытайдағы мемлекеттік сапары аясында бірқатар маңызды кездесу жоспарланған

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қытайдағы мемлекеттік сапары аясындағы кездесулерде баяндамасын тек қазақ тілінде жасап жүр, деп хабарлайды мемлекет басшысының баспасөз хатшысы Берік Уәли.

Берік Уәли атап өткендей, мемлекет басшысы Қазақстан-Қытай Іскерлік кеңесінің 6-отырысының ашылуында сөйлеген сөзін, сондай-ақ ҚХР іскер топтарының өкілдерімен кездесуіндегі сөзін және Қытай қоғамдық ғылымдар академиясындағы баяндамасын бастан-аяқ мемлекеттік тілде жасаған.

Айта кетсек, Тоқаев 11-12 қыркүйекте мемлекеттік сапармен Қытайда болады. Сапар аясында бірқатар маңызды іс-шара жоспарланған. Атап айтқанда, президент ҚХР төрағасы Си Цзиньпинмен, ҚХР мемлекеттік кеңесінің премьері Ли Кэцянмен және Қытайдың бірқатар саяси және іскерлік тобымен келіссөз өткізеді.