Майк Помпео Қазақстанның қақтығыс аймағынан азаматтарды қайтару бойынша жұмысын жоғары бағалады

02.02.2020 18:37

Мен Ауғанстанда бейбітшілікті орнату және тараптардың татуласуы бойынша біздің күш-жігерімізді Қазақстанның тұрақты қолдап келе жатқаны үшін министрге алғыс айттым

mfa.gov.kz

АҚШ Мемлекеттік хатшысы Майк Помпео Қазақстанның қақтығыс әрекеттер аймағынан азаматтарды қайтару бойынша жұмысын атап өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Майк Помпео Қазақстанның сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеубердімен болған келіссөздер барысында тараптардың қауіпсіздік мәселелерін талқылағанын мәлім етті.

«Мен Ауғанстанда бейбітшілікті орнату және тараптардың татуласуы бойынша біздің күш-жігерімізді Қазақстанның тұрақты қолдап келе жатқаны үшін министрге алғыс айттым. Ирак пен Сириядан лаңкес-содырлар мен олардың отбасыларының елге оралуы бойынша Қазақстанның көшбасшылығын атап өттім және оны айта беретін боламын. Мен сіздің әділеттік мәселелердегі міндеттемелеріңіз басқа елдерді рухтандырады деп үміттенемін», - деді Майк Помпео баспасөз мәслихатында.

Өз кезегінде, Қазақстанның сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді қақтығыс жүріп жатқан аймақтардан – Сирия мен Ирактан оралған азаматтарды оңалту және қайта интеграциялау жөніндегі мемлекеттік департаментпен бірге серіктестіктің жалғасып жатқанын хабарлады. 

Теги: встреча