«Халыққа қажетті заңдар қабылдаймыз». Қазақстан Парламенті Мәжілісінің төрағасы Нұрлан Нығматулин бүгін пленарлық отырыста дәл осылай деді. Мәжіліс спикері осы жауапты міндетті абыроймен атқару үшін белсене іске кірісу қажеттігін еске салды. Алқалы жиында жаңадан сайланған депутаттар ант беріп, 2020-2022 жылдарға республикалық бюджет жөніндегі заң жобасының мерзімі белгіленді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Мәжіліс спикері Нұрлан Нығматулин Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа Жолдауына қатысты пікір білдірді. Айтуынша, Президент өз үндеуінде Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың саясатын жалғастыра отырып, Қазақстанымызды одан әрі дамытудың негізгі мақсаттарын айқындап берді. Ал олардың барлығын заң жағынан қолдау үшін депутаттық корпустың алдында жауапты міндеттер тұр.
«Әсіресе, экономиканы жаңғыртуға әлеуметтік ахуалды күшейтуге, бюджет және салық жүйесін жетілдіруге, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауға, шағын және орта бизнесті қолдауға, экологиялық мәселелерге басқа да сұрақтарға ерекше көңіл бөлінеді», – деді ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы Нұрлан НЫҒМАТУЛИН.
Мәжіліске жаңадан сайланған депутаттар ант берді. Атап өту керек, осыған дейін «Нұр Отан» партиясының саяси кеңес бюросының отырысында Гүлшара Әбдіқалықова, Нұрлан Әлімжанов, Нұржан Әшімбетов, Жұлдыз Омарбековаға мәжіліс депутаты мандатын беру туралы шешім қабылданған болатын. Отырысқа бүгін тек Нұрлан Әлімжан келмеді.
Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматуллин жаңадан сайланған депуттар арасында Гүлшара Әбдіқалықованы әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрағасына ұсынды. Аталған ұсынысты 104 депутат мақұлдағанын атап өту қажет. Ал Нұржан Әшімбетов аграрлық мәселелер комитетіне, Жұлдыз Омарбекова заңнама және құқық комитетінің құрамына өтті. Тиісті қаулылар қабылданды. Пленарлық отырыста Қаржы және бюджет комитетінің төрайымы Гүлжан Қарағұсова 2020-2022 жылдарға арналған бюджетті биылғы жылдың қарашасына дейін талқылайтынын жеткізді. Келер жылы республикалық бюджетке түсетін кіріс 11 триллион теңгені құрайды. 2021 жылы 12, ал 2022 жылы 12,7 триллион теңге болмақ.
«2019 жыл үш жылдық трансферттерді орындаудың соңғы жылы. Келесі 2020-2020 жылдарға арналған заң жобасы жетілдірілген. Бюджеттік алу мен субвенцияларға қатысты барлық көлемдер белгіленген. Шығындар құрылымында әлеуметтік сектордың шығыны 44,7 құрап отыр. 2022 жылға дейін 47,6 пайызға жетеді. Мәселен, педагог мәртебесін жоғарылату үшін үш жылға 1,2 триллион теңге бағытталатын болады», – деді ҚР Парламенті Мәжілісі қаржы және бюджет комитетінің төрайымы Гүлжан ҚАРАҒҰСОВА.
Қаражаттың басым бөлігі «Нұрлы жер», «Нұрлы жол», Бизнестің жол картасы сияқты бағдарламаларға құйылмақ. Ауылдарға су, газ тарту, жастар мен көпбалалы отбасыларды баспанамен қамтуға да бағытталады