|
04.09.2019 | 18:28
11397

Алматылықтар да қытай зауыттарына қарсылық білдірді

Елбасы елімізде мұндай 15 зауыттың іске қосылып, биыл тағы 11 кәсіпорын жұмысын бастағалы жатқанын айтты

Алматылықтар да қытай зауыттарына қарсылық білдірді Almaty.tv

Бүгін отызға жуық адам  Алматы қалалық әкімдігінің  алдына жиналып, Қазақстандағы Қытай жобаларына қарсы наразылық акция өткізген жаңаөзендіктерді қолдады, деп хабарлайды  Almaty.tv тілшісі.

Кеше  Жаңаөзен қаласының екі жүзден астам тұрғыны қаланың орталық алаңына жиналып, Қытайдың Қазақстандағы жобаларын тоқтатуды талап еткен еді. Нұр-Сұлтан, Ақтөбе және Шымкен қалаларында да  белсенділер «Қытайдың экспансиясына қарсымыз» деп акция өткізген. Бұған дейін билік екі елдің бірлескен 55 жобасы бар екенін  айтқан еді. Қазақстанның Тұңғыш Президенті-Елбасының айтуынша  15 зауыт  іске  қосылған, биыл тағы 11 кәсіпорын жұмысын бастау керек. Олар негізінен құрылыс, ет, азық-түлік, машина жасау, химия-фармецептикасы  сынды зауыттар.

Нарызылық білдірген бұқараның алдына мәселенің мән-жайын түсіндіруге  Алматы қаласы әкімінің орынбасары Сапарбек Тұяқбаев шықты. Жергілікті билік жұртты сабырға шақырып, Президенттің сөзін алға тарта отырып, қазақ елінің бір телім жері сатылмайтынын айтты. Сондай-ақ, екі елдің бірлесіп салатын кәсіпорындағы жұмыс күші- сырттан келмейтіндігін де кесіп айтты. Әзірге ашылған зауыттардағы жұмысты да жергілікті жұрт жұмыла істеп жатқанын алға тартты.  

«Халық 55 жоба деп жатыр ғой.  Біріншіден, бұл – жеке жобалар. Қазақстандық және қытайлық кәсіпкерлердің бірлескен жобалары. Бұл жерде мемлекеттің қатысы жоқ. Екіншіден, 20 мың жұмыс орнының құрылатыны жоспарланып отыр. Қазір 15 кәсіпорыны іске қосылып отыр. Бұл жерде жұмыстың талабы – 90 пайыз қазақстандық болу керек. Сол толығымен орындалады» , – деді  Алматы қаласы әкімінің орынбасары Сапарбек ТҰЯҚБАЕВ.

Сапарбек Тұяқбаевтың айтуынша, инвестиция тарту арқылы жемісті жұмыс істеп жатқан компания 180-нен асып жығылады. Бірақ, ешқайсысына жердің сатылып жатқан жоқтығын, кәсіпкерлерге уақытша индустриалды және арнайы экономикалық аймақтан ғана жалға берілетінін алға тартты.  

«Біздің қазақстанның 99 пайыз жерлері ауылшаруашылық жерлері. Оған қазір мараторий. Сатылмайды да, арендаға да берілмейді. Ал индустриалды аймақтар бар, сол инвесторлар үшін, зауыт үшін салынған. Арнайы экономикалық аймақ бар. Әрине, ол жерде белгілі бір мерзімге арендаға беріледі, зауыт салу үшін», – деді Алматы қаласы әкімінің орынбасары Сапарбек ТҰЯҚБАЕВ.

Алматыдағы индустиралды аймақтан инвесторларға берілген жер телімдерінің 60 пайызы игерілген. Ал бос жатқан жердің бір бұрышына қазақ-қытайдың бірлескен 55 жобаның біреуі салынбақ. Онда бірталай жаңа жұмыс орны ашылады.

«Әзір 60 пайыз жері инвесторларға берілді. Оның 90 пайызы өзіміздің жергілікті алматылық инвесторлар. Зауыттарын салып жатыр, кейбіреулері жобасын жасап жатыр», – деді  Алматы қаласы әкімінің орынбасары Сапарбек ТҰЯҚБАЕВ.

Сарапшылардың сөзінше, елімізде орын алатын кез-келген жағдайды халыққа жөнді жеткізе білу керек деп есептейді. Яғни, зауыт салынбас бұрын, халықпен ақылдасу жүрігзілсе, даурықпайтыны түсінікті дейді. Ақпараттың ауызекі тілде тарауы, бұқараның үрейін тудыратындығын белгілі екенін алға тартуда.  

«Зауыт салынып жатқанын естіп жатырмыз. Ал қандай зауыттар ол? Не шығаратын зауыт? Оның ережелері қандай? Елдің егемендігіне зияны тие ме? Тимей ме? Елдің зауыттарынан көретін пайдасы қандай? Керек тауарлар шығарыла ма? Соларға жауап берілмей отыр ғой. Қытай болсын, Ресей, Еуропа болсын, біз өзіміздің халқымызбен ақылдасып шешуіміз керек қой. Қытайдың компаниялары жұмыс істесе, жергілікті халықты алсын жұмысқа, мамандар жетіспесе, сол аймақтың жастарын оқуға жіберсін, арасынан өздерінің мамандарын дайындасын.  Сол біздің келісім-шарттарда болуы керек», – деді саясаттанушы Есенжол АЛИЯРОВ.


Ал сарапшы  Азаматхан Әміртай, бұл бас көтерудің артында үшінші топттың мүддесі болуы мүмкін екенін жасырмады. Арандатушылардың ықпалына түсіп қалған топтың мүшелері де наразылық білдірушілердің қатарынан табылуы әбден мүмкін.  Ал экономикалық тұрғыдан, көрші елмен бірлескен мұндай жобаларды жүргізу қажет-ақ деген ойда.

Алматы әкімдігі наразы топтың алдында 55 компанияға қатысты жеке-жеке ақпарат беруден қашпайтындықтарын ашып айтты.

«Әзір енді халыққа жеке-жеке жобаларды түсіндіруді ұсындық. 55 жоба бойынша да ақпарат береміз халыққа», – деді Алматы қаласы әкімінің орынбасары САПАРБЕК ТҰЯҚБАЕВ.

Әйгерім Ердәулетқызы, Арсен Сандыбаев, «Алматы» телеарнасы

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир