Алматы құрылысшылары отандық тауарлар мен қызметтерді ұлғайтуға және әлеуметтік нысандарды салуға дайын, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев қаланы дамытуға қатысты мәселелерді талқылау үшін құрылыс компанияларының басшыларымен кездесті. Жалпы мегаполистегі тұрғын үй салу қарқыны жоғарлаған. Былтыр 2,1 млн. шаршы метр пәтер салынса, биыл оның көлемі 2,2 млн. шаршы метрге жетпек, яғни 19 мыңнан астам пәтер. Оның ішінде 16 мыңнан аса пәтер – коммерциялық құрылыс, 2 жарым мыңға жуығы – жеке тұрғын үй. Ал ел қазынасының есебінен 1 мың 130 пәтер салынады. Қала басшысы «әр салынған үй қала жүйесіне өзіндік жүктеме түсіреді» дейді. Мәселен, биылдың өзінде Наурызбай ауданында 500 мың шаршы метрді құрайтын тұрғын үй құрылысы жүргізіледі. Сәйкесінше, бұл жол инфрақұрылымына әжептәуір салмақ болады. Сондықтан Абай даңғылын ұзарту жұмысы тоқтамауы керек деп атап өтті Бақытжан Сағынтаев.
«Ғылыми зерттеулер, басқа да болжамдар алдағы он жылда қала халқының 3 млн-ға жететінін көрсетіп отыр. Сондықтан баспана тапшылығын болдырмас үшін бізде тұрғын үй мәселесі күн тәртібінен түспейді. Құрылысты ұлғайту керек», – деді Алматы қаласының әкімі Бақытжан САҒЫНТАЕВ
Қала тұрғындарының артуына орай әлеуметтік нысандарға түсетін жүктеме де ұлғайған. Құрылысшылар бұл мәселені де бірігіп шешуге дайын. Кешенді құрылыс басталмастан бұрын мектептер, балабақшалар мен емханаларды салудың алдын ала ойластырылған жоспары анықталады. «Ескі үйді сүру» бағдарламасы да өзектілігін жоймайды. Құрылысшылар отандық құрылыс өнімдерін сатып алу көлемін арттыруға ниетті. Кездесу барысында әкімдік құрылысшыларға қаланың тарихи орталықтарына және аулаларда орналасқан учаскелерге үй салуға қатаң тыйым салынатынын ескертті.
«Қала өсуде, сондықтан құрылыс мегополистің жетекші драйвері болып қала береді. Мұнда барлық тараптың, әкімдіктің, құрылысшылардың және тұрғындардың, мүддесі сақталуы тиіс. Оған ашық диалог жүргізу арқылы қол жеткізуге болады. Оны тұрақты түрде жүргізетін боламыз», – деді Алматы қаласының әкімі Бақытжан САҒЫНТАЕВ.