Нұрлан Әбдіров ҚР Парламенті Сенаты төрағасының орынбасары болып сайланды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
«ҚР Президентінің жарлығымен Нұрлан Мәжитұлы Әбдіров ҚР Парламенті Сенатының депутаты болып тағайындалды. Конституцияның 58-ші бабына сәйкес, Сенат төрағасының орынбасары лауазымына сенатор Нұрлан Әбдіровті ұсынамын. Өздеріңізге белгілі, Нұрлан Мәжитұлы - тәжірибелі және білікті маман. Әділет министрлігінде және қауіпсіздік кеңесінде жауапты қызметтер атқарды. Бүгінге дейін Мәжілістің заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің төрағасы ретінде табысты еңбек етіп келді»,– деді ҚР Парламенті Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев Сенат отырысында.
Өз кезегінде сенаторлар дауыс беру арқылы бір ауыздан Нұрлан Әбдіровтің кандидатурасын қолдады.
«Қаулы қабылданды. Нұрлан Әбдіров ҚР Парламенті Сенатының төрағасының орынбасары болып сайланды»,– деді Сенат төрағасы.
Айта кетейік, бүгін ҚР Парламенті Сенатының алтыншы шақырылымы өз жұмысын бастады.