Бүгін Алматыдағы «Қазақстан» қонақ үйінде ҚР Президенттік сайлауына бақылаушы болып Польшадан келген Виолетта Поровска брифинг өткізді. Таң атқалы 4 сайлау учаскесінде болып үлгерген ол Қазақстанда сайлаудың ашық әрі әділ өтіп жатқанын айтты.
«Шынымды айтсам, өмірімде бірінші рет бақылаушы боп отырмын. Таңнан бері 3 сайлау учаскесінде және №4 ауруханада болдым. Әр сайлау учаскесі жақсы әзірленген, адамдар өте белсенді. Мен үшін маңызды болғаны, мұнда тәуелсіз бақылаушыға ешқандай шектеу қойылмай, еркіндік берілгені», деді польшалық бақылаушы.
Виолетта Поровсканың айтуынша, бір учаскеде тіпті өзі 47-ші бақылаушы болыпты. Бұл сайлауда тәуелсіз бақылаушының көптігін көрсетеді дейді ол.
«Тағы бір ұнағаны, әр учаскеде мүгедектерге де жағдай жасалыпты. Оларға арнайы адамдар дауыс беруге, кабиналарға өтуге, жалпы қимылдауға көмектесіп жатты. Әсіресе, ауруханада жүре алмайтындарға жақсы жағдай жасалыпты. Бұл мемлекет тарапынан әр азаматтың дауыс беруіне мүмкіндік туғызғанын дәлелдейді», – деді Виолетта Поровска.
Халықаралық бақылаушы барған сайлау учаскесінің бірінде тіпті таңғы 10-да дауыс берушілердің 25 пайызы қамтылса керек. Сондай-ақ ол адамдар көп болса да, өзінің ешқандай құқық бұзыушылықты байқамағанын, әр учаскеде бақылаушыларға арналған орын жасақталғанына сүйсінді.
«Мен әдейі өзімнен де басқа тәуелсіз бақылаушыларлан оғаш бір нәрсе байқады ма сұрап көрдім. Ешқайсысы ештеңе болмағанын айтты. Осындай ақпараттар мен деректерге сүйене отырып, мен Қазақстанда сайлаудың тәуелсіз әрі еркін өтіп жатқанын айта аламын», - деді Виолетта Поровска.
Польшадан келген халықаралық бақылаушы әзірге Алматының көрікті жерлерін аралап үлгермепті, әйтсе де оны Алматының табиғаты таң қалдырмай қоймаса керек.
«Менің мақсатым – барынша көп учаскені бақылап, көп мағлұмат алу. Енді дауыс санауға да қатысқым келіп отыр. Бізге ондай мүмкіндік береді деген ойдамын», - дейді Виолетта Поровска.