Ермек Көшебаев «Қытай тарапы Қазақстанда 55 зауыт салады» деген ақпаратты жоққа шығарды

04.09.2019 в 18:53

Бүгінде аталмыш келісім аясында 1,6 миллиард долларға 8 жоба іске қосылған

«Қытай тарапы Қазақстанда 55 зауыт салады» деген ақпаратты  Сыртқы істер мен Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрліктері де жоққа шығарды. Олардың пікірінше бұл – қаңқу сөз, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Сыртқы саясатқа жауапты вице-министр Ермек Көшербаев көршілес ел тек керекті технология жеткізуші, инвестиция әкелуді және зауыт салу жолдарын көрсетуші  ғана.  Ал барлық жобаны жүргізетін  әрі түскен қаржыны өз қазынасына салатын  – Қазақстан. Дипломат сондай-ақ мемлекетіміз өзара индустрияландыру мен инвестиция тарту келісімін тек Қытаймен емес, Германия, АҚШ елдерімен де жасасқанын жеткізді.

«Бұл ақпаратты блогерлер уатсап арқылы таратуда. Бірақ мұндай бағдарлама жоқ. Ешкім Қазақстанға ескі зауыттарын  алып келмейді. Арнайы комиссия бар. Ондағылар барлық жобаны жіті қарайды, мемлекеттік тексерістен өтеді. Көбіне мұндай жобаларды жеке компаниялар жүргізеді, оларға ескі-құсқы зауыт, заттарын әкелу тиіміз. Әкелмейді де, комиссия рұқсат бермейді де», – деді ҚР Сыртқы істер вице-министрі Ермек КӨШЕРБАЕВ.

Ал Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Аманияз Ержанов Қазақ-Қытай үкіметтерінің әріпестік, инфрақұрылым және инвестиция тарту келісімі бойынша жалпы сомасы 27 миллиард доллар құрайтын 55 зауыт жобасы бар екенін айтты. Олар көлік құрылысы, ауылшарушылық, химиялық-фармацевтикалық, мұнай-газ салаларында қызмет етпек.

«Біз бұл жобалардан не күтеміз?» Отандық жоғары сапалы заттарды шығаратын, шетелге жоғары бағамен сатылатын жоғары технологиялық кәсіпорындарды жоспарлаймыз. Сондай-ақ өңірлердің жағдайын реттеуді қалаймыз. Бүгінде аталмыш келісім аясында 1,6 миллиард долларға 8 жоба іске қосылған. Биыл үлкен диаметрлі құбыр шығаратын жоба желтоқсанда іске қосылады. 300 жаңа жұмыс орны ашылады», –  ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Аманияз ЕРЖАНОВ.