Бүгін Алматы-Нұр-Сұлтан бағыты бойынша Bek Air әуе компаниясының №Z2100 рейсі ұшағы апатқа ұшырады
Ресей Федерациясының Президенті ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа Алматы маңында болған әуе апатына байланысты көңіл айту жеделхатын жолдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат РФ Президентінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Ресей халқы ұшақ апатынан қаза болғандардың туған-туыстарының қайғыларына ортақтасады. Қайғылы апаттан зардап шеккен жандардың тезірек сауығып кетуін тілейді», – делінген Ресей мемлекеті басшысының жеделхатында.
Айта кетейік, бүгін таңда Алматыдан Нұр-Сұлтан қаласына ұшып шыққан ұшақ радардан жоғалып кетті.
Кейін 95 жолаушысы және 5 экипаж мүшесі бар ұшақтың апатқа ұшырағаны мәлім болды. Оқиғаның мән-жайын анықтау үшін ұшақ құлаған аумаққа арнайы комиссия ұшып шықты. Осы апатқа қатысты шұғыл желі іске қосылған.
ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ұшақ апатына кінәлілер заңға сәйкес қатаң жазаланатынын мәлімдеді. Елбасы Нұр-Сұлтан Назарбаев жолаушылар ұшағының апатқа ұшырауына байланысты көңіл айтты.