Алматы қаласында БҰҰ-ның хабы ашылады. Хаб Орталық Азия мен Ауғанстан үшін қызмет ететін болады. Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Нью-Йоркке жұмыс сапары барысында белгілі болды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Президент сапарының негізгі мақсаты – БҰҰ Бас Ассамблеясының 77 сессиясына қатысу. Жалпы дебатта сөз сөйлеген Тоқаев мемлекеттер егемендігінің теңдігі, территориялық тұтастығы және елдің бейбіт өмір сүруі секілді қағидатты сақтауымыз керек деді. Ұйымның басты ұстанымы да сол. Сонымен қатар, экономикалық және саяси санкциялар азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету тізбегін жойып, миллиондаған адамға, әсіресе қоғамның осал топтарына қауіп төндіретін «жаңа нормаға» айналғанын жеткізді. Бұл мәселе тез арада шешімін табу керек деген Мемлекет басшысы Қазақстан жаһандық азық-түлік тапшылығымен күресуге дайын екенін мәлімдеді.
«Қазақстан алдағы уақытта да астық пен басқа да әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің сенімді жеткізушісі болып қала береді. Сондай-ақ елімізде орналасқан азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі Ислам ұйымымен, БҰҰ агенттіктерімен ынтымақтастықты нығайтуға ниеттіміз. Бұл тұрғыда азық-түлік пен тыңайтқыштарды барлық санкциялар мен шектеулерден босату аса маңызды», – деді ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев
Бейбітшілік пен әділеттікті ту еткен жиында Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстандағы саяси жаңашылдықтарды да сөз етті. Әлемдегі ең қуатты үкіметаралық ұйымның алдында мемлекет басшысы өзінің «Күшті Президент, ықпалды Парламент, есеп беретін Үкімет» қағидатын қатаң ұстанатынын айтты. Бұл формула Қазақстанның ұлттық мүдделеріне толық сәйкес келеді деді Президент.
«Алдағы айларда Қазақстанда Президент және Парламент сайлауы өтеді. Мен Президент өкілеттігін жеті жылдық бір мерзіммен шектеуді ұсындым. Бұл елде демократияны дамытуға серпіліс береді», – деді Мемлекет басшысы.
Шетелдің ықпалды саясаткерлерімен жолығып, келіссөздер жүргізгеннен кейін Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гуттеришпен жолықты. Ол Мемлекет басшысының Алматыда Орталық Азия мен Ауғанстан үшін орнықты даму мақсаты жөніндегі БҰҰ хабын құру ұсынысын қолдайтынын жеткізді.
Отандық саясаттанушы Талғат Қалиев мұндай хаб біздің елде ашылғаннан кейін, барлық сала түрленеді деген ойда. Мемлекеттік басқару ісінде, сайлау жүйесінде ашықтық пайда болып, көп жерде әділдік орнайды деп сенеді.
«БҰҰ деген мында көріп отырып, жан-жаққа репост жасайды. Осындай проблемалар бар деп. Сондықтан біз шынымен жемқорлықпен күресетін болсақ, онда БҰҰ стандарттарын өндіргеніміз өте дұрыс болады», – деді саясаттанушы Талғат Қалиев.
Жалпы ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев соңғы екі күнде 27 кездесу өткізіп, 3 ірі шараға қатысты. Негізі, мемлекет басшысының шетелдік сапарларда ең жиі көтерген мәселелерінің бірі – көлік-логистика проблемасы. Яғни, бүгінгі күрделі геосаяси жағдайға қарамай, отандық тауарларды әлемдік нарыққа шағыраудың жаңа жолдары үнемі қарастырылып жатыр. Себебі бұл ел экономикасына тікелей ықпал ететін маңызды фактор.
Өмір Серікбекұлы, Данияр Омар, «Алматы» телеарнасы, Астанадан