|
03.03.2020 | 14:18
4401

Алматы әкімі Б. Сағынтаев Литва қалаларының мэрлерін қабылдады

Өткен жылдың қорытындысы бойынша Алматы мен Литва арасындағы тауар айналымы 40 млн долларды құрады

Алматы әкімі Б. Сағынтаев Литва қалаларының мэрлерін қабылдады

Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев Литваның қала әкімдерін қабылдады. Делегацияны Литваның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Васюлис Гинтаутас бастап келді, деп хабарлайды Almaty.tv тілші.

Кездесуде экономика, мәдениет және туризм саласындағы өзара тиімді ынтымақтастықты кеңейту мәселелері сөз болды. Бүгінде Алматыда сауда, логистика және ауылшаруашылық өнімдерін өңдеуде литвалық капиталдың қатысуымен 94 кәсіпорын жұмыс істейді. Өткен жылы Алматы мен Литва арасындағы тауар айналымы 40 миллион долларды құраған.

"Екі ел арасындағы 28 жылдық дипломатиялық байланысты дәстүрлі достық қарым-қатынас жалғап тұр. Біз Smart City қаласын басқарудың инновациялық жобаларын жүзеге асырудағы Литва қалаларының тәжірибесіне қызығушылық танытамыз. Бүгінгі таңда Алматы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын, көлік, денсаулық сақтау, білім беру және қоғамдық қауіпсіздікті цифрландыру бойынша белсенді жұмыс жүргізуде", – деді Алматы қаласының әкімі Бақытжан САҒЫНТАЕВ.

"Мен үшін Литваның бірнеше өңірінен жиналған делегациямен Алматыға келу үлкен мәртебе. Біздің экономикамыз  астанадан өзге қалаларда да қарқынды дамып жатыр. Әр аймақтың өзіндік ерекшелігі бар. Сондай-ақ, сіздерден де үйренеріміз көп", – деді Литваның қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Васюлис ГИНТАУТАС.    

Айта кету керек, кездесу бизнес-форум қарсаңында өтті. Келелі жиында Литва сауда-өнеркәсіптік палатасының өкілдері ЕуроОдақ талаптарына сәйкес жоғары технологиялық жобалар мен өнімдерді шығару тәжірибесімен бөлісуге дайын екендіктерін білдірді. Делегация өкілдері алматылық бизнесмендерді өз елінің логистикалық және экспорттық әлеуетін пайдалануға шақырды.

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир