Асқар Мамин елорданың туристік кешенінің құрылыс алаңына барды

24.04.2021 21:23

Жобаның бірінші кезеңін (29 га) 2022 жылдың соңында пайдалануға беру көзделген

inform.kz

ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин Нұр-Сұлтан қаласындағы «Астана – жаңа қала» АЭА аумағындағы («Барыс Арена» мұз сарайының батыс жағындағы) көпфункционалды туристік ауданның құрылыс барысын тексерді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Жобаның инвесторы БАӘ-ден девелопер «Ellington Properties Development LLC» компаниясы болып табылады, бас мердігер – «Renaissance Construction» компаниясы. Жобаның жалпы құны 1 трлн теңгеден асады. Кешен аумағы 2,6 млн шаршы метр қосымша құрылыстар аумағы 333 гектар. Мұнда аумағы 15 мың ш.м. болатын аквапарк, ойындар аймағы, саябақтар, террасалар, кеңсе және коммерциялық үй-жайлар, қонақ үйлер, әлеуметтік және тұрғын үй инфрақұрылымы және т. б. орналасады.

Жобаның бірінші кезеңін (29 га) 2022 жылдың соңында пайдалануға беру көзделген. 21,3 мың уақытша және 2 мың тұрақты жұмыс орны құрылады. Үкімет басшысы жаңа ауданға қажетті инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды жеткізуді қамтамасыз етуді және барлық құрылыс жұмыстарын жоспарланған мерзімде сапалы орындауды тапсырды.

Тексеру сапарына Премьер-Министрдің орынбасары Роман Скляр, Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов, индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов, қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев, энергетика министрі Нұрлан Ноғаев, мәдениет және спорт вице-министрі Ғабидолла Әбдірахымов және т. б. қатысты.