8 қатеге екі қойылады: ҚР Президентіне үміткерлер мемлекеттік тілден емтиханды қалай тапсырады

Zakon.kz
Zakon.kz
Екінші кезеңде үміткер үш беттей мәтінді дауыстап оқиды
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Елордада ҚР Президенттігіне кандидаттың мемлекеттік тілді еркін меңгергенін анықтайтын лингвистикалық комиссия отырысы өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Отырыстан кейін емтихан талаптарын түсіндірген комиссия төрағасы Мырзатай Жолдасбеков емтихан үш кезеңнен тұратынын атап өтті.

«Бірінші кезеңде үміткер конвертте жасырылған тақырыптардың біріне жазбаша жұмыс тапсырады. Жазбаша жұмыс 2 беттен аспауы керек, оған 1 сағат уақыт беріледі. Егер ол уақытта үлгермесе, комиссия ақылдаса келе, қосымша жарты сағат бере алады. Үміткерлер жұмысындағы әріп қатесі, тыныс белгілері

мұқият тексеріледі. Мәселен, 8 орфографиялық қате табылса, екілік қойылады», - деді Лингвистикалық комиссия төрағасы Мырзатай Жолдасбеков Орталық сайлау комиссиясында өткен брифингте.

Екінші кезеңде үміткер комиссия ұсынған көлемі үш беттен аспайтын мәтінді дауыстап оқиды.

«Оқитын кітаптарды бекіттік. Оған тек қазақ ақын-жазушыларының мұрасын алдық. Комиссия ұсынған кітаптардың бірінен үміткер 15 минуттық үзінді оқиды. Бұл кезеңде үміткердің дауыс ырғағы, оқу мәнері бағаланады. Яғни, Президент болатын қайраткер мемлекеттік тілде еркін оқи алуы керек деп есептейміз», - деді М. Жолдасбеков.

Үшінші кезеңде үміткер лингвистикалық комиссия берген тақырыптардың бірінде сөз сөйлеуі қажет.

«Оның да тақырыптары конвертке салынып, бекітілген. Әсіресе, тақырыптар қазақ халқының тарихы, мәдениеті, жетістіктері жөнінде болмақ. Үміткердің сөз сөйлеуі комиссияны қанағаттандырмаса, тақырыпты тереңірек ашу үшін қосымша сұрақтар қоюымыз мүмкін. Апелляция бұған дейінгі сайлауларда тәжірибемізде кездеспеген. Егер үміткерлер тарапынан шағым түссе, Орталық сайлау комиссиясы шешім қабылдап, апелляцияны талқылайтын боламыз», - деді төраға.  

Атап айту керек, лингвистикалық комиссия отырысына оның мүшелері мен ҚР Президенттігіне үміткерден басқа, ҚР Орталық сайлау комиссиясының мүшелері байқаушылар ретінде қатысады. Лингвистикалық комиссияның шешімі ашық дауыс беру арқылы қабылданады.

Новости партнеров