Бұл шешім тұрғындар мен қонақтардың қала ішінде емін-еркін қатынауына жағдай жасау мақсатында қабылданған
2026 жылы 15 наурызда өтетін республикалық референдумға байланысты Алматыда тұрғындар мен қала қонақтарының еркін қатынауы үшін қосымша шаралар қабылданды, - деп хабарлайды Almaty.tv.
Алматының Қалалық мобильділік басқармасы өкілдерінің хабарлауынша, бүгін күні бойы қаладағы қоғамдық көліктерде жол жүру тегін. Бұл шешім тұрғындар мен қонақтардың қала ішінде емін-еркін қатынап, сайлау учаскелеріне еш кедергісіз жетуіне жағдай жасау мақсатында қабылданған.
Тегін жол жүру қоғамдық көліктің барлық түрінде қолданылады. Атап айтқанда, автобустар, троллейбустар және метро жолаушыларды ақысыз тасымалдайды. Жолаушылар төлем тәсіліне немесе қолданылатын электронды билет жүйесіне қарамастан көлікті тегін пайдалана алады.
Сонымен қатар, тұрғындардың сайлау учаскелеріне баруын жеңілдету үшін тегін такси қызметі де қарастырылған. Бұл бастама қала тұрғындарының дауыс беру орнына ыңғайлы әрі кедергісіз жетуіне мүмкіндік береді. Тегін сапарларды BAS Taxi қызметі ұсынады. Қызметті таңғы 07:00-ден кешкі 20:00-ге дейін, яғни сайлау учаскелері жұмыс істейтін уақыт аралығында пайдалануға болады.
Айта кетейік, Алматыда барлығы 653 референдум учаскесі жұмыс істеп тұр. Таңнан бастап олардың барлығында тұрғындардың белсенділігі байқалады.
Оқи отырыңыз: Алматыда референдум күні «Инватакси» қызметі тегін жұмыс істейді