Францияның «Alstom» компаниясы Қазақстанда сервистік орталық ашпақ

30.11.2022 19:28

Бастаманы іске асыруға 50 миллион еуро инвестиция салуды жоспарлап отыр

Францияның «Alstom» компаниясы Қазақстанда сервистік орталықтар ашуға ниетті. Бұл туралы Президенттің Парижге сапары барысында белгілі болды, деп хабарлайды Almaty.tv.

Шетелдік компания ел аумағында жылжымалы құрам мен теміржол инфрақұрылымына арналған электровоздар мен жабдықтар шығаруды көздейді. Бастаманы іске асыруға 50 миллион еуро инвестиция салуды жоспарлап отыр. Жоба  Астана, Алматы қаласы мен Жамбыл және Түркістан облысында іске асады. Мақсатты межеге жету үшін қос тарап өзара келісімге қол қойды. Мемлекет басшысы Францияға сапары кезінде Сенат төрағасы Жерар Ларшемен кездесті. Басқосуда Қасым-Жомарт Тоқаев екі ел арасындағы уағдаластықтың көпжақты ынтымақтастыққа тың серпін беретініне сенім білдірді. Сауда-экономикалық байланысты нығайтып, энергетика және көлік-логистика салаларына инвестиция тарту мәселесіне басымдық берілгенін тілге тиек етті. Сөз соңында Сенат спикері Жерар Ларше Қазақстандағы саяси және экономикалық реформаларға жоғары бағасын берді.