Қасым-Жомарт Тоқаев Корея республикасына мемлекеттік сапармен барды

akorda.kz
akorda.kz
Мемлекет басшысын Оңтүстік Корея Президенті Мун Чжэ Ин салтанатты түрде қарсы алып, құрмет көрсетті
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Корея Республикасына мемлекеттік сапармен барды. Мемлекет басшысын Оңтүстік Корея Президенті Мун Чжэ Ин салтанатты түрде қарсы алып, құрмет көрсетті, деп хабарлайды Almaty.tv

Қасым-Жомарт Тоқаев Құрметті қонақтар кітабына қолтаңба қалдырды. Сонымен қатар Кореяның ұлттық батыры Хон Бом Доның құрметіне орай өткен рәсімге қатысты. Салтанатты жиындағы сөзінде, Президент «бұл - Қазақстанның корей жұртына деген шынайы ықыласы мен зор құрметінің белгісі» деп атап өтті. 

«Мұндай іс-шаралардың тарихи мән-маңызы айрықша. Қазақтар да, корейлер де Тәуелсіздіктің қадір-қасиетін жақсы түсінеді. Хон Бом До - Кореяның азаттығы үшін күрескен бірегей тұлға. Нағыз батыр, шынайы отансүйгіш. Генерал тағдырдың жазуымен өмірінің соңғы жылдарын қазақ жерінде өткізді. Содан бері қанша жыл өтсе де атажұртында батырдың ерлігі ұмытылған жоқ. Оны біздің халқымыз да жақсы біледі. Қызылорда қаласында Хон Бом Доның құрметіне мемориал тұрғызылған. 2018 жылы батырдың туғанына 150 жыл толды. Қазақстан халқы Ассамблеясы осыған орай арнайы конференция өткізді. Генералдың есімі қазақ елінің жадында сақталады. Оның мемориалы мемлекет қамқорлығында болады», – деді ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сондай-ақ, Қасым-Жомарт Тоқаев Оңтүстік Корея Президентінің резиденциясында келіссөздер өткізді. Тараптар қазақ-корей стратегиялық әріптестігін одан ары дамытудың перспективаларын жан-жақты талқылады. Сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық байланыстарды нығайтуға ерекше көңіл бөлінді. Мемлекет басшысы кореялық әріптесіне коронавируспен күресте көрсеткен гуманитарлық көмегі үшін алғыс айтып, қазақстандық QazVac вакцинасы туралы ақпаратты бөлісті. Оңтүстік Корея Президенті пандемия басталғалы бері осындай жоғары деңгейдегі кездесуді ең бірінші болып Қазақстан Президентімен өткізіп жатқанын атап өтті.

«Қазақстан Тәуелсіздік алғаннан кейін сыртқы саясатта ашық әрі тығыз байланыс орнатып, белсенділік таныту арқылы Орталық Азиядағы қырқынды дамушы мемлекетке айналды. Сонымен қатар Қазақстан Азиядағы өзара ынтымақтастық және сенім шаралары жөніндегі кеңес арқылы және Дүниежүзілік сауда ұйымындағы министрлер конференциясының тең төрағасы ретінде де көпжақты ынтымақтастықтың әртүрлі тетіктерінде белсенді көшбасшылық танытып келеді. Қазақстан Корея Республикасының Орталық Азиядағы ең алғашқы сауда және инвестициялық әріптесі», – деді Оңтүстік Корея Президенті Мун Чжэ Ин.

Новости партнеров