Тоқаев министрлер мен әкімдерге: демалысты ұмытыңдар

10.07.2020 19:35

Мемлекет басшысының айтуынша, қазіргі кезде Қазақстан әлеуметтік-экономикалық дамудың күрделі кезеңінде тұр

Фото: akorda.kz

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев үкімет мүшелеріне демалысқа шығуға тыйым салды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Sputnik Қазақстанға сілтеме жасап.

«Жаздың жартысы өтіп кетті. Министрлер, әкімдер, президент аппаратының қызметкерлері болсын – ешқандай демалыс жоқ, өйткені елде төтенше жағдай орын алып отыр. Еңбек демалысы, демалыс деген сөздерді ұмытыңдар», – деді Тоқаев үкіметтің кеңейтілген отырысында.

Президент кейбір әкімдерге сөгіс жарияланып, ескерту жасалғанын еске салды.

«Жалпы мұндай жазаға бүкіл облыс басшылары мен министрлер лайық», – деді мемлекет басшысы.

Тоқаев Қазақстан әлеуметтік-экономикалық дамудың күрделі кезеңінде тұрғанын айтты. Үкімет пен әкімдер тарапынан дағдарыстан шығу үшін батыл әрі жанкешті іс-қимыл қажет.