Әлихан Смайылов ЕАЭО аясында электронды көлік құжаттарына көшуге шақырды

03.02.2023 19:36

Қазақстанда 250-ден астам тұрғыны бар елдімекендер кең жолақты интернетпен қамтылған

primeminister.kz

Еуразиялық экономикалық одақтың кеңейтілген отырысында электрондық көлік құжаттарына көшу ұсынылды. Бұл бастаманы еліміздің Премьер-министрі Әлихан Смайылов Digital Almaty форумында айтты,  деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Бүгін Digital Almaty форумының маңызды әрі соңғы нүкте қоятын күні. Бес елдің үкімет басшыларының басын қосқан шара алдымен стартаптар аллеясын аралаудан басталды. Қонақтарға eGOV Mobile, Smart Data Ukimet секілді ірі жобалар таныстырылды. Кейін Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдердің өкілдері пленарлық отырыста жиналды. Сессияда мемлекеттерге ортақ IT-саланың мүмкіндіктері талқыланды. Жиында сөз алған Премьер-министр Әлихан Смайылов Еуразиялық экономикалық одақ аумағында электронды көлік құжаттарына көшуді ұсынды. Бұл логистикалық компанияларға қолайлы жағдай жасау үшін аса маңызды.

«Қағазбастылықты алып тастау сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтады, өзара сауданың ашықтығын арттырады және ең бастысы, бизнеске өз шығындарын оңтайландыруға мүмкіндік береді. Интеграцияны күшейту және жалпы Еуразиялық ауқымдағы жобаларды іске асыру аса маңызды», – деді ҚР Премьер-министрі Қазақстан жыл сайын жаңа технологиялардың үлесін ұлғайту үшін барлық қажетті шараны іске асырып жатыр. Дегенмен Еуразиялық экономикалық одақ елдерінің ІТ-нарығын дамытуға сенімді платформасы қажет. Жалпы еліміз электронды үкіметті дамытуда айтарлықтай ілгерілеген. Мәселен, БҰҰ рейтингісінде 39-орыннан 28-орынға көтеріліпті. Ал онлайн сервистердің қосалқы рейтингінде – 16-орыннан 8-орынға шығып, әлемнің үздік 10 елінің қатарына енді.

«Қазақстан мемлекеттік басқаруда цифрлық трансформациялау жолымен келе жатыр. Бүгінде біз FinTech және GovTech сияқты салаларда әлемдік деңгейдегі жобаларды жүзеге асырудамыз. Біздің еліміз цифрлық шешімдердің күнделікті өмірге енуінің жоғары деңгейіне жетті. Бұл мемлекеттің ашықтығы мен бизнес технологиясының арқасында мүмкін болды. Цифрландыру – елдің барлық азаматтары үшін тең мүмкіндік пен әділдікті қамтамасыз ету үшін маңызды», – деді Әлихан Смайылов.  

Пленарлық отырыста әр елдің Мемлекет басшысы өз ұсынысын айтты. Мақсат – ортақ. Барлығының діттегені – IT нарықты дамыту, әр саладағы цифрландыру ісін жалғастыру және Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдер арасында тығыз байланыс орнату.

«Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдерде цифландыру мәселесінде ортақ тенденция бар. Бізді олардың білім беру, сауда-саттық, денсаулық салаларын оңтайландыруға ұмтылғаны қуантады. Дегенмен, комиссияны алдағы уақытта үлкен жұмыс күтіп тұр. Бүгін цифрлық жобалар үшін ортақ база құру мәселесі көтерілді. Оны техникалық жағынан қамтамасыз ету, цифрлық кеңістік жасау үшін комссия мүмкіндік жасауы керек», – деді Еуразиялық экономикалық комиссия алқасының төрағасы Михаил Мясникович.

Айта кетейік, Digital Almaty форумы – биылғы жылдың ауқымды шараларының бірі. Онда 30 панельдік сессия өтіп, халықаралық және Қазақстандық IT-қоғамдастықтың атынан 150-ден астам спикер сөз сөйледі. Ауқымы кең жиынға 17 мыңнан аса келуші тіркеліп, көрмеге 400-ден аса компания қатысты.

Жадыра Омаржан, Ғани Қалуов, «Алматы» телеарнасы