Сенат мемлекеттік бастамаларды Елбасымен келісу қажеттілігін жоюды ұсынды

27.01.2022 23:28

Түзетулерде Елбасының Қауіпсіздік Кеңесінде және ҚХА-да өмір бойы төрағалық ету құқығының күшін жою көзделеді


Сенат мемлекеттік бастамаларды Елбасымен келісу қажеттілігін жоюды ұсынды. Бұл норма «Тұңғыш Президент – Елбасы туралы» Конституциялық заңда жазылған. Түзетулерде Елбасының Қауіпсіздік Кеңесінде және Қазақстан Халқы Ассамблеясында өмір бойы төрағалық ету құқығының күшін жою көзделеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

      

Жоғарғы Палата депутаттары мәжілісмендердің бұрын айтылған барлық өзгерістерін мақұлдады. Бірақ өз түзетулерін ұсына отырып, заң жобасын төменгі палатаға қайта қарауға қайтарып отыр. Енді бұл түзетуді Мәжіліс депутаттары қарайды және қабылданған жағдайда заң жобасы Президентке қол қоюға жіберіледі.  

«Сенаторлар заңнамаға енгізіліп отырған мемлекетіміздің Қауіпсіздік Кеңесін, Қазақстан Халқы Ассамблеясын Мемлекет басшысы өзінің қызметіне сәйкес басқаруы тиіс деген өзгерістерді қолдады. Сонымен қатар заңды талқылау барысында бір норма енгізіліп отыр. Ол – «Тұңғыш Президент туралы» заңнан мемлекеттің ішкі және сыртқы саясатына байланысты бастамаларды Елбасымен келісілуге тиіс деген норма алып тасталып отыр. Сондықтан да Сенат заңнамаға енгізілген өзгерістерді тұжырымдамалы түрде қолдап, бір өзгеріспенен Мәжіліске қайтарып отыр», - деді ҚР Парламенті Сенатының депутаты Ләззат Сүлеймен.

Сонымен қатар Сенат депутаттары «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңын, Қазақстан Республикасының «Саяси партиялар туралы» заңын қарады. Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев қаралған заң жобалары Мемлекет басшысының елімізді жаңарту бағдарын іске асыруға арналғанын атап өтті.

«Соған сәйкес, Мәжілістегі депутаттық мандаттардың кемінде 30 пайызы кепілді түрде әйелдерге, жастарға және мүгедектігі бар адамдарға беріледі. Бұл Парламенттің өкілді функцияларын күшейтеді, сондай-ақ оның жұмысына барлық маңызды әлеуметтік топтардың қатысуына кепілдік береді. Мұндай қадам қабылданатын заңдардың сапасына әсер ететіні сөзсіз. Мүгедектігі бар адамдарды Мәжіліс құрамына қосу Парламенттің инклюзивтілігін де арттырады. Бұл осы санаттағы азаматтарды еліміздің жалпы саяси өміріне белсенді жұмылдыруға мүмкіндік береді», - деді ҚР Парламенті Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев.