ҚР Президенті Әзербайжан мен Армения арасындағы келіссөздер процесіне қатысты мәлімдеме жасады

01.05.2024 19:40

Бұл маңызды шараның Алматыда ұйымдастырылуының символдық мәні бар

Almaty.tv

Ақорданың баспасөз қызметі Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Әзербайжан мен Армения арасындағы Алматыда өтетін келіссөздер процесіне қатысты мәлімдемесін жариялады, деп хабарлайды Almaty.tv.

«Қазақстан тарапының ұсынысы бойынша Әзербайжан Республикасы мен Армения Республикасы арасындағы бейбіт келісімге дайындық жүргізу мақсатында екі елдің сыртқы істер министрлерінің келіссөзін өткізу туралы өзара келісімге келгенін құптаймын.

Бұл маңызды шараның Алматыда ұйымдастырылуының символдық мәні бар. Өйткені 1991 жылы желтоқсан айында ТМД елдерінің тәуелсіз дамуына негіз қалаған және мемлекетаралық шекараны анықтау қағидаларын бекіткен тарихи құжатқа – Алматы декларациясына қол қойылған еді.

Алдағы кездесу әзербайжан-армян уағдаластығының нақты жүзеге асуына жол ашып, жуық арада Оңтүстік Кавказда тұрақты әрі ұзақмерзімді бейбітшіліктің орнауына ықпал етеді»,- делінген құжатта.