Ол бұл жерде эмоцияға жол бермей БҰҰ аясында тергеу жүргізу орынды екенін жеткізді
Сенат спикері Мәулен Әшімбаев Украинаның Буча қаласындағы оқиғаға қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
"Бұқаралық ақпарат құралдарынан, әлеуметтік желілерден Буча қаласы мен басқа елді мекендерде болған жағдайды бәріміз көріп отырмыз. Бұл – үлкен трагедия. Болған жағдайды Украина жағы геноцид деп жатқанын естіп жатырмыз. Ал Ресей тарапы мұны жалған деп отыр. Сондықтан БҰҰ мен халықаралық ұйымдардың аясында комиссия құрылады деп ойлаймын. Осы комиссия жан-жақтан барлық ақпаратты объективті түрде жинап, халықпен кездесіп, сол жаққа барып, ақпарат таратса дұрыс болар еді", - деді Мәулен Әшімбаев тілшілерге берген сұхбатында.
Әшімбаев Бучада болған оқиға - үлкен трагедия екенін атап өтті. Сонымен қатар бұл жерде эмоцияға жол бермей БҰҰ аясында тергеу жүргізу орынды екенін жеткізді.
"Бейбіт тұрғындар қаза тапты. Сондықтан оның қалай болғаны, неге бұлай болғаны туралы сұрақтар аясында халықаралық ұйымдар айналысу қажет. Менің ойымша, бұл жерде эмоцияға жол бермей БҰҰ аясында тергеу жүргізу орынды болады. Мұндай мәселелерге қатысты халықаралық конвенциялар да, халықаралық шарттар да бар. Бұл жерде БҰҰ қамқорлығымен тиісті жұмысты дұрыс ұйымдастыратыны сөзсіз. Қазақстанның Сыртқы істер министрлігіндегі ресми ұстанымын сұратқан және алған дұрыс", - деді ол.