Мемлекет басшысы елдің премьер-министр қызметіне тағайындалған Асқар Мамин туралы пікір білдірді
Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Парламент Мәжілісі бюросының отырысына қатысты. Сонда Мемлекет басшысы елдің премьер-министр қызметіне тағайындалған Асқар Мамин туралы пікір білдірді, деп хабарлайды Tengrinews.kz Ақорда сайтына сілтеме жасап.
Мемлекеттің стратегиялық бағдарламаларын одан әрі тиімді іске асырудың маңыздылығын атап өтіп, Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Республикасының премьер-министр лауазымына Асқар Маминнің кандидатурасын ұсынды.
«Бұрынғы үкімет отставкаға кетті. Осы орайда мен сіздермен жаңа премьер-министр Асқар Маминнің кандидатурасын талқылауға бел будым. Оның қажетті тәжірибесі бар, ширек ғасыр менімен бірге жұмыс істейді. Қала әкімі, көлік министрі, премьер-министрдің бірінші орынбасары болды. Оның бастамасымен, әсіресе инфрақұрылымдық даму саласында көп нәрсе жүзеге асырылды», – деді Мемлекет басшысы.
Қазақстан Президенті сондай-ақ, Асқар Маминнің интеграциялық бірлестіктердің жұмысына және бірлескен жобаларды іске асыруға белсенді қатысқанын атап өтті.
«Қазіргі заман оңай емес. Біздің алдымызда маңызды міндеттер тұр. Жылдам алға жылжу қажет», – деді Мемлекет басшысы.
Отырыс барысында Парламент Мәжілісінде ұсынылған саяси партиялар фракцияларының басшылары және комитет төрағалары Асқар Маминге премьер-министр лауазымына кандидатураға қолдау білдірді. Депутаттар Асқар Маминнің кандидатурасын мақұлдады.