Мемлекет басшысы Өзбекстан президентін «Алтын Қыран» орденімен марапаттады

пресс-служба Акорды
пресс-служба Акорды
Бұл – Қазақстан Республикасының ең жоғарғы мемлекеттік наградасы
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы әріптестік нығая түседі. Қос елдің басшылары бүгін 15 құжатқа қол қойды, деп хабарлайды Almaty.tv.

Елордадағы келелі кездесуде Қасым-Жомарт Тоқаев Шавкат Мирзиёевке алғыс білдірді. Артынша шағын құрамда келіссөз жүргізілді. Жиын барысында тараптар саяси, сауда-экономикалық, көлік-транзит, инвестиция, энергетика салаларындағы ықпалдастықты одан әрі нығайту жолдарын талқылады.  Мұнан соң екі ел президенті «Қытай – Қазақстан – Өзбекстан» бағытындағы контейнерлік пойыздың Сианьнан Ташкентке келуіне орай ұйымдастырылған салтанатты шараға қатысты.

«Өзбекстан – қазақ еліне бауырлас мемлекет, тату көрші, маңызды әрі сенімді серіктес. Халықтарымыздың мызғымас достығы ортақ тарихқа және құндылықтарға негізделген. Қазақ-өзбек қатынасы стратегиялық серіктестік және одақтастық рухында тұрақты дамып келе жатыр. Біз Өзбекстанмен ынтымақтастықты нығайта түсуге айрықша көңіл бөлеміз», - деді Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.

Жиында мемлекет басшысы Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы сауда – экономикалық байланысты күшейту керектігін айтты. Қысқа уақыт ішінде өзара тауар айналымын 5 миллиард долларға дейін жеткізу межесі қойылған. «Көрсеткішті 2 еселеуге елдеріміздің әлеуеті жетеді» деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Қазірдің өзінде жалпы сомасы 3 миллиард доллардан асатын 70-ке жуық бірлескен жоба жұмыс үстінде. Нәтижесінде елде 14 мың жаңа жұмыс орны құрылады. Бизнеске қолайлы жағдай жасауға бағытталған бастамалар әлі де жалғаспақ. Кездесу соңында Мемлекет басшысы мәртебелі мейманды Қазақстанның ең  жоғарғы наградасы - «Алтын қыран» орденімен марапаттады.

«Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы, Ақордада тұрып өзіңізден осындай ең жоғарғы награданы алу мен үшін үлкен мәртебе. Үлкен құрмет. Бауырлас халықтың атынан сізге алғысымды айтқым келеді. Бұл марапатты екі халық арасында ғасырлар бойы жалғасқан шынайы достық және тату көршілік қатынастарды арттыруға қосқан бірлескен күш-жігерімізге берілген лайықты баға деп санаймын. Қазақстан біздің ең жақын, сенімді әрі уақыт сынынан өткен серіктесіміз», - деді Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Мирзиёев.

Новости партнеров