Тоқаев Ауғанстанға көмек жеткізу үшін Алматыда гуманитарлық хаб ұйымдастыруды ұсынды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.
«Бұл күндері бүкіл әлемде және Душанбеде ауған мәселесі туралы көп айтылып, ШЫҰ алаңында кеңес өткізіліп жатыр, елдегі жағдай кеше Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының отырысында да талқыланды. Қазақстан болашақ Ауғанстанды көршілерімен тату өмір сүретін шынайы тәуелсіз және біртұтас мемлекет ретінде көреді. Осы тағдыршешті тарихи сәтте Ауғанстанның көпұлтты халқы бұрын-соңды болмаған қиындықтарға қарамастан жалғыз қалмауы тиіс», – деді Қазақстан Президенті Шанхай ынтымақтастық ұйымы мемлекет басшылары кеңесінің саммитінде.
Қасым-Жомарт Тоқаев ШЫҰ Ауғанстандағы бейбітшілік пен келісімге қолжеткізуде белсенді рөл атқара алады және атқаруы тиіс деп санайды.
«Біз тек ұжымдық күш-жігермен ғана қауіп-қатерлерге қарсы күресте өңірлік қауіпсіздікті қамтамасыз ете аламыз. Қазақстан өз тарапынан деструктивті идеологияның, есірткі ағынын және Ауғанстаннан тыс жерлерге бақылаусыз көші-қонды болдырмау үшін өңірлік әріптестерімізбен өзара іс-қимылды кеңейтіп жатыр.
Сондай-ақ, Ауғанстан тап болған өзекті гуманитарлық және экономикалық проблемаларды шешу үшін қолдан келгенше көмек көрсетуге дайынбыз. Қазақстанның қолда бар инфрақұрылымы мен логистикалық мүмкіндіктерін ескере отырып, Ауғанстанға халықаралық көмек жеткізу үшін Алматыда ШЫҰ гуманитарлық хабын ұйымдастыруды ұсынамыз. Бұл қадам ұйымның өңірдегі өткір проблемаларды шешудегі рөлін арттыруға, сондай-ақ БҰҰ мен басқа да халықаралық құрылымдардың қызметін үйлесімді толықтыруға мүмкіндік беретініне сенімдімін», – деді Тоқаев