Ұсынылып отырған логотипте күннің 17 сәулесі бейнеленген
«Нұр Отан» партиясының 2030 жылға дейінгі бағдарламасы қабылданды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Елбасы - «Нұр Отан» партиясының төрағасы міндеттері мен тапсырмаларын негізге ала отырып, құжатты толықтырып, партия бағдарламасын қабылдау ұсынылады», - деді «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев «Нұр Отан» партиясының кезекті XVIII съезі барысында.
Съезге қатысып отырған партия мүшелерінің бәрі бұл ұсынысты қолдап, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың стратегиялық бағыт-бағдарын жүзеге асыруға арналған «Нұр Отан» партиясының 2030 жылға дейінгі бағдарламасы бірауыздан қабылданды.
«Соңғы бес жылдың ішінде заңнамалық өзгерістер мен жаңа тәжірибелерге сәйкес, партия жарғысына кейбір нормаларды енгізу қажеттігі туындап отыр. Ең алдымен, қазақ тілінің латын әліпбиіне көшуіне байланысты партияның мемлекеттік тілдегі атауында латын әріптерін қолдану ұсынылуда. Экраннан партияның жаңартылған логотипін көрулеріңізге болады. Ұсынылып отырған логотипте күннің 17 сәулесі бейнеленген. Ол біздің облыстарымыз бен Алматы, Шымкент, Астана қалаларын символикалық тұрғыда бейнелейді. Осы ретте партияның латын әліпбиіндегі атауын - Партия Төрағасының өз қолымен жазғанын атап өткім келеді», - деді Мәулен Әшімбаев экраннан «Nur Otan» деп латын әріптеріне өзгертілген логотипті көрсете отырып.