Жақсылық Үшкемпіров сайлау жайында: «Халықты бейбітшілікте ұстап, елді дамытатын басшы керек»

09.04.2019 20:10

Оның пікірінше, саяси науқанда қазіргі президент Қасым-Жомарт Тоқаев та бақ сынайды


Қазақтан шыққан алғашқы Олимпиада чемпиондарының бірі, палуан Жақсылық Үшкемпіров Қазақстанның келесі президенті қазіргі бейбіт өмірді сақтап, елдің дамуын одан әрі жалғастыра білуі қажет деп есептейді. Almaty.tv тілшісіне берген сұхбатында ол Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың уақытынан бұрын сайлау өткізу туралы шешіміне пікірін білдірді.

Даңқты спортшы президенттің осынау шешімін қолдайтынын айтты.

«Қазіргі қазақ жастарының көзі ашық, көкірегі ояу. Бірақ, біз де жастардан қалыспаймыз, саяси жаңалықтарды біліп отыруға тырысамыз. Бүгін президент Тоқаевтың мәлімдемесін тікелей эфирден көрдім және оның шешімін қолдаймын. Ертерек сайлау өткізіп, президентімізді анықтап алуымыз керек», - дейді Ж.Үшкемпіров.

Келесі президенттің кім боларын әлі болжамадым деген палуан, бастысы елге пайдасы тиетін саясаткердің келуі керек деп есептейді екен.

«Қазақстанда мықты саясаткерлер жетерлік. Бізге дәл қазір халқымыздың қамын ойлайтын, бейбітшілікті сақтайтын, елімізді дамыған мемлекеттер қатарына қосатын президент керек», - деді Олимпиада ойындарының чемпионы.

Оның пікірінше, жазда өтетін президенттік сайлауға Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі де түсуі мүмкін екен.

«Ол өте беделді, білімді азамат. Осы уақытқа дейін Қазақстан үшін аянбай еңбек етіп келді, енді сайлауға түсуге толықтай құқы бар», - дейді Еңбек ері Жақсылық Үшкемпіров.

Айта кетсек, бүгін Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев республикалық телеарналар арқылы халыққа үндеу жолдап, биыл 9 маусымда кезектен тыс президенттік сайлау өтетінін мәлімдеді.