Астанада әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары бас қосып жатыр
Астанада әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары бас қосып жатыр. Бейбітшілік және келісім сарайындағы алқалы жиынға 24 елден барлығы 30 делегация арнайы шақыртылған. Іс- шара шымылдығы бір минуттық үнсіздікпен басталды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Мұнан соң съезд хатшылығының төрағасы Мәулен Әшімбаев Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хатын оқып берді. Үндеуінде Президент әлем халқын бейбітшілікке шақыратын жаңа жаһандық қозғалыс қажет екенін атап өткен. Рухани көшбасшылар осы бағытта күш жұмылдырып, барша адамзатқа ортақ түйткілдерді шешуге сүбелі үлес қосады деп сенім білдірген.
– Президент Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ Бас Ассамблеясының 78-сессиясында Қазақстан өзінің ұлттық мүддесін көздей отырып, өзекті халықаралық мәселелерді шешудің үнемі бейбіт жолын іздейтін мемлекет екенін атап өтті. Біздің ел дінаралық және конфессияаралық диалогты бейбітшілік пен келісім мәдениетінің ажырамас бөлшегі ретінде дәріптейді. Қазіргі таңда арандатушылардың теріс пиғылы үшін дінге сенушілердің діни наным-сеніміне манипуляция жасауы үлкен алаңдаушылық тудырады, – деді ҚР Парламенті Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев.
Бүгінгі съездің ХХІ хатшылығының жұмысына ислам, христиан, буддизм, индуизм сынды түрлі дін өкілі қатысып жатыр. Дін көшбасшылары 7 съездің нәтижесі, сол уақытта жасалған ұсыныстардың жүзеге асырылу барысын талқылады. Әлемді алаңдатып отырған ауқымды түйткілдер мен оларды шешу жолы қаралды. 20-дан аса елден келген дін өкілдері Қазақстандағы жиын көптеген мәселені шешуге түрткі болатынын жеткізді.