"Алматы" арнасын басқарған тұсында телеарнаның қамту аумағы 5,5 миллионға жеткен
Алматы қаласы Қоғамдық даму басқармасының басшысы қызметіне Әлібек Әлденей тағайындалды, деп хабарлайды Алматы қалалық әкімшілігінің баспасөз қызметі.
Жаңа басшы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің және ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының түлегі. Әр жылдары Мәдениет және ақпарат министрлігінде, Халықаралық бағдарламалар орталығында, «Самұрық-Қазына» қоры және т.б жерлерде жұмыс істеген. 2015 жылдан бастап "Алматы" арнасын басқарды. Осы уақыт аралығында компания айналымы үш есеге өскен. Телеарна бірінші рет жақсы қаржылай көрсеткішке қол жеткізген. TNS Gallup Media Asia-ның мәліметіне сәйкес, 2018 жылдың қорытындысы бойынша Алматы телеарнасының жалпы қамту аумағы қала бойынша 1.5 миллион, ал ел ішінде 5,5 миллионға жеткен. Үш жылда арнаның үлесі 375 пайызға өсті. «Алматы» еліміздің ең беделді он арнасының қатарына енді.
Басқарманың алдына қойған ең бірінші кезектегі мақсаттардың бірі де бірегейі азаматтық қоғамды дамыту арқылы мемлекеттік мекемелердің қоғамдық сұраныстарға жедел үн қатуын жетілдіру болып табылады.