«Президенттік Жастар кадр резервіне» іріктеудің келесі кезеңіне 600-ге жуық адам өтті

24.10.2019 20:24

Атап өту керек, іріктеуге қатысу үшін бастапқы тіркеуден 13 мыңнан астам адам өткен болатын

«Президенттік Жастар кадр резервіне» іріктеудің «Әлеуетті бағалау» кезеңіне 549 қатысушы өтті. Бұл туралы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрайымы Анар Жайылғанова айтып берді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Атап өту керек, іріктеуге қатысу үшін бастапқы тіркеуден 13 мыңнан астам адам өткен болатын. Үміткерлердің ішінде шетелде жүрген Қазақстанның азаматтары да бақ сынауда.  

«Бүгінге дейін іріктеудің бастапқы үш кезеңі аяқталды. Құжаттарды қабылдау, үміткерлерді тестілеу, тестілеудің верификациясы. Келесі кезең –  «Әлеуетті бағалау» кезеңі. Оған 549 үміткер қатыспақ. Бұл кезең 2019 жылдың 22 қазаны - 3 қарашасы аралығында өтеді. Бұл кезең 3 бөліктен тұрады: эссе жазу, жобаны таныстыру және құзыретті бағалау. Эссе жазу мен жобаларды таныстыру да pkrezerv.kz автоматтандырылған жүйесінде онлайн түрде жүргізіледі», – деді ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрайымы Анар ЖАЙЫЛҒАНОВА.

Анар Жайылғанованың айтуынша, «Әлеуетті бағалау» кезеңінен кейін үміткерлер сараптамалық комиссия мүшелерімен сұхбаттасады. Оған алдыңғы кезеңдерде үздік нәтиже көрсеткен 400-дей адам ғана өтетінін алға тартты. Бұдан соң Президент Әкімшілігі құратын комиссия іріктеудің алдыңғы кезеңдерінен табысты өткен әр үміткермен жеке әңгімелеседі. Соның қорытындысы бойынша Ұлттық комиссия ең жоғары балл жинаған кандидаттарды Президенттік жастар резервіне қабылдау туралы шешім шығарады.

«Бұл біздің резерв 5 жылға дейін тұрады. Оларды, жұмыс істеп жүрген азаматтарды квази госсекторде болмасын немесе мемлекеттік органдарда жақсы қызметте жүріп жатқан азаматтарды бірден соған кадровый резервке кірді екен деп көтермелеу бізде міндет емес. Бізде ең бастысы, Президенттің резервіне 300 ең білімді, ең білгір, ең кәсіби біліктілігі жоғары жастарды іріктеп беру», – деді ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрайымы Анар ЖАЙЫЛҒАНОВА.