Шараға 200-ге жуық делегация қатысады деп жоспарланып отыр
Қазақстандықтардың 87 пайызы дін саласында жүргізіліп отырған мемлекеттік саясатты қолдайды. Мұны қоғамдағы соңғы әлеуметтік зерттеулер көрсетті. Осыған орай 6 қазанда Қазақстан өзге елдерді диалогқа шақырып, пікір алмасу алаңын ұсынады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Әлемдік және дәстүрлі діндер сьезінің отырысына біздің елден 20-ға жуық делегация қатысады. Жиынға Парламент Сенатының спикері Мәулен Әшімбаев төрағалық етеді.
«Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VII сьезіне 200-ге жуық делегация қатысады деп жоспарланып отыр. Айтулы шараға дүниенің төрт бұрышынан ықпалы зор дінбасылар қатысады. Ол адамдар өз еліндегі саясатқа, іргелі істерге әсер етіп қана қоймай, қарапайым адамдарға да ой салады. Мұндай жиынды Қазақстан бірінші болып қолға алды. Съездің келесі күн тәртібі пандемия мен одан кейінгі ахуалға арналады деп ойлаймын. Себебі әлем үлкен қауіп-қатермен бетпе бет келіп отыр», – деді Конфессияаралық және өркениетаралық диалогты дамыту жөніндегі Н.Назарбаев орталығының басқарма төрағасы Болат Сәрсенбаев.
Аталмыш дінаралық диалогқа қосқан үлесі үшін «Астана Халықаралық сыйлығы мен, әлемдік және дәстүрлі діндер съезінің «Құрмет» медалін беру қарастырылады. Сондай-ақ Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өркениетаралық және дінаралық диалогты дамытудағы рөлі туралы арнайы жобасы талқыланбақ.