Мемлекет басшысы Қазақстанның аграрлық секторды орнықты дамытуды қолдайтынын айтты
Әлем бойынша азық-түлікті жеткізудің белсенді қатысушысы саналатын Қазақстан аграрлық секторды орнықты дамытуды қолдайды. Біріккен Ұлттар Ұйымының Азық-түлік жүйелері жөніндегі саммитінде сөйлеген Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бүгінгі таңда азық-түлік нарығының орнықты дамуы үшін жағдай жасау маңызды екенін атап өтті, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.
Мемлекет басшысы Қазақстанның егін шаруашылығы қауіп-қатері бар аймақта орналасқанын және құрғақ климаттың әсерімен бетпе-бет келіп отырғанын айтты. Ал еліміздің шаруашылығы 40 пайыз көрші елдерден ағып келетін суға тәуелді.
«Жер-су ресурстарын барынша тиімді пайдалану мақсатында жердің құнарын арттыру, су үнемдеу технологияларын енгізу және су өткізу жүйелерін цифрландыру жөнінде шаралар қабылдадық. Орнықты азық-түлік жүйелері туралы айтқан кезде көптеген елде су дипломатиясына қатысты мәселелер өзекті екені анық байқалады. Азық-түлік жүйелері жөніндегі проблемалар мен су ресурстарын басқару, шекарааралық өзендерді пайдалану мәселелері өзара тығыз байланысты. Мұның барлығы азық-түлік жүйелері туралы келісімдерде көрініс табуы керек», – деді Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сонымен қатар Президент Қазақстан Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі Ислам ұйымын құруға бастамашы болғанын атап өтті. Қазіргі таңда оның құрамында халқының жалпы саны 1,4 миллиардқа жуық 36 ел бар. Осы ұйым аясында Қазақстан жыл сайын мұқтаж елдерге, оның ішінде Ауған халқына бидай мен ұн жеткізу сияқты қайтарымсыз гуманитарлық көмек көрсетіп келеді.
«Біріккен Ұлттар Ұйымының Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымы жаһандық азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету және оны қолдау мақсатында тұрақты экожүйе қалыптастыру үшін барынша белсенді жұмыс істеуі қажет. Саммит аштықты жою, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету және оны жақсарту, тұрақты ауыл шаруашылығының дамуына ықпал ету сияқты Орнықты дамудың екінші негізгі мақсатына қол жеткізуге мүмкіндік беретініне сенімдімін», – деді Мемлеке басшысы.