«Нұрсұлтан Назарбаевтың білім беру» қорына 20 жыл толды

19.12.2018 20:46

«Нұрсұлтан Назарбаевтың білім беру» қоғамдық қорына 20 жыл. Елбасы бастамасымен құрылған қоғамдық қор осы уақытқа дейін мектепке дейінгі орта және жоғары инновациялық білім беру жобаларын іске асырды.

Қор жетекшілігімен Астана, Алматы және Атырау қалаларында үш инновациялық балабақша, Астана және Алматы қалаларында екі «Мирас» халықаралық мектебі, Алматы Халықаралық мектебі, «Арыстан» мамандандырылған лицейі құрылды. Білім қоры екі жоғары оқу орнының: Халықаралық Бизнес университеті мен Халықаралық Ақпараттық технологиялар университетінің тең құрылтайшысы. Мерейтойға қала әкімі Бауыржан Байбек қатысты.

«Қазақстан үшін Елбасы айтқандай ең дамыған 30 мемлекеттің арасына ену үшін біз шын мәнінде өте жақсы, сапалы, жоғары стандарттарға сай адами капиталды дамытуымыз керек. Сондықтан осы қордың жұмысының арқасында бүгін біздің білім беру жүйесінде осы стандарттар нәтижелі енгізіліп жатыр», – деді Алматы қаласының әкімі Бауыржан БАЙБЕК.

«20 жыл ішінде қордың балабақшалары 1 мыңнан аса бүлдіршін тәрбиелеп, мектептері 1600-ге жуық түлек ұшырып, жоғары оқу орындары 16 мыңнан астам студентке жоғары білім берді. Одан бөлек, қоғамдық қор жүйелі түрде қайырымдылық қызметпен және әлеуеметтік бағдарламаларды іске асырады, елімізде жастар саясатын дамытуға белсенді атсалысады», – деді «Нұрсұлтан Назарбаев білім беру» қоғамдық қорының директоры Динара ҚҰЛЫБАЕВА.


Теги: фонд Қор