Тоқаевтың қолдаушылары «Домбыра party» ұйымдастырды

13.05.2019 20:48

Олар қазақтың «Адай», «Балбырауын», «Сарыарқа» секілді күйлерді орындады

Қасым-Жомарт Тоқаевтың кандидатурасын қолдайтын жастар Алматыдағы Панфилов көшесінде «Домбыра party» ұйымдастырды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Акция аясында олар қазақтың «Адай», «Балбырауын», «Сарыарқа» секілді күйлерді орындап, тұрғындардың құлақ құрышын қандырды. 


Сонымен қатар шарада 50-ден астам белсенді жасотандықтар халыққа Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұстанымдары жазылған үнпарақтар таратты.

«Біз бұл акцияда өз үміткеріміздің жақсы қасиеттерін айтып, бағдарламасын халыққа түсіндірідік. Платформада негізгі басты мәселелер қамтылып, жан-жақты айтылған. Қарап тұрсақ, барлығы да – қолдан келетін дүниелер. Онда еліміздің жарқын болашағы жайлы айтылған. Миллионнан астам қала тұрғындарының басым бөлігі біздің кандидатқа дауыс береді деген сенімдеміз. Қазіргі уақытта сол үшін барынша жұмыс істеп жатырмыз», – деді  ҚР Президенттігіне үміткер Қасым-Жомарт Тоқаевтың Алматы қалалық қоғамдық штабының жетекшісі Рахман АЛШАНОВ.

Сондай-ақ Президенттікке үміткер Қасым-Жомарт Тоқаевтың Алматы қаласындағы сайлауалды штабында қоғамдық қабылдау бөлмесі ашылды. Бас партия халықпен байланысты осылайша орнатпақ.