Назарбаев: Әлеуметтік саладағы қателіктерден Сағынтаев отставкаға кетті

25.02.2019 21:01

Сағынтаев адал әрі тәжірибелі адам

akorda.kz

Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Мәжілістің жалпы отырысында бұрынғы премьер-министр Бақытжан Сағынтаевқа қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Ақорда сайты.


Мемлекет басшысы үкіметтің қиын жағдайларда экономиканы дамытуға үлес қосқанын айтып, үкімет мүшелеріне атқарылған жұмыстар үшін алғыс білдірді.


«Премьер-министр Бақытжан Сағынтаев жайлы бөлек айтып өтейін. Ол осыған дейін Павлодар облысы әкімі, экономика министрі, вице-премьер және бірінші вице-премьер қызметтерінде өзін жақсы қырынан көрсетті. Ол адал, ақ ниетті, тәжірибелі адам. Басқа салаларда да еңбек ете алады. Алайда белгілі бір министрліктер жіберген қателіктердің салдарынан, әсіресе әлеуметтік саладағы министрліктегілердің қателіктерінен үкімет отставкаға кетті», - деді Президент.


Сондай-ақ, Мемлекет басшысы саяси жаңғыртудың нәтижелеріне тоқталып өтті.


«Үкіметке барлық қажетті өкілеттік берілді, олар енді халық алдындағы міндеттерін дұрыс орындауы керек, әрекеттері үшін жауапты болуы тиіс. Барлық деңгейдегі әкімдер де осындай жауапкершілік тартады. Олар халықтың өтініштеріне тез арада жауап беріп отыруы керек, ең бастысы қажетті шараларды қабылдауы қажет», - деді Назарбаев.

Бұдан бөлек Мемлекет басшысы Парламенттің Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық саясатын ұйымдастырудағы рөлін атап өтті.