Бүгін Мемлекет басшысы Қазқастан халқына Жолдауын жариялады
«Биліктің өкілетті тармағы қайта құрылады». Бүгінгі жолдауда Мемлекет басшысы Парламенттің рөлін нығайтып, Президенттің өкілеттігін азайту керек екенін айтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Осы арқылы елдің іргесін нығайтамыз деген Қасым-Жомарт Тоқаев өзінен бастап бірқатар лауазымды тұлғаны партиядан шығаруды да ұсынды. Бұл қатарда Орталық сайлау комиссиясы мен Есеп комитеті, сондай-ақ Конституциялық кеңестің төрағалары мен мүшелері бар. Ал әкімдер мен олардың орынбасарларына партия филиалдарында қызмет атқаруға заңдық тұрғыда тыйым салынбақ.
«Бұл өз өкілеттілігін азайту және Парламенттің қолына беру деген сөз. Қазіргі жағдайда Президент те күшті болуы керек, сонымен бірдей, Парламент те күшті болуы керек. Сондықтан осы реформалардың маңызы өте зор. Сонымен қатар, саяси партияларға қатысты маңызды мәселелерді айтты», - деді заң ғылымдарының докторы, профессор Алуа Ибраева.
Жолдауда Парламент Мәжілісін құрудың жаңа үлгісі де ұсынылды. Барлық азаматтарды толығымен есепке алатын аралас сайлау жүйесіне көшуді ұсынған президент «Мәжіліс депутаттарының үштен бірі мажоритарлық негізде сайланады» деді. Яғни, депутаттық корпустың 70%-ы бұрынғыдай пропорционалды форматта тағайындалса, қалған 30%-ы мажоритарлық негізде жүзеге аспақ.
Айта кету керек, сайлаудағы өзгерістерден облыс пен аймақтық мәслихат та қалыс қалмайды. Мемлекет басшысы «енді республикалық маңызы бар қалалардың депутаттары да аралас модель негізінде қызметке келеді» деді.
«Монополиядан кетуді президент өзінен бастап отыр. Біріншіден, партиядан кету. Содан соң әкімдердің, орынбасарлардың жергілікті партиядан кетуі. Бұл өте дұрыс шешім. Себебі, басқа партияларға да бұл ортаға шығуға, бәсекелестікке алып келеді», - деді қалалық мәслихат депутаты Қуаныш Тұрабаев.