Сапар аясында екі ел басшылары кілем тоқу фабрикасына барды
Сапар аясында екі ел басшылары кілем тоқу фабрикасына барып, өнеркәсіп тауарларының көрмесін тамашалады, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі Аkorda.kz-ке сілтеме жасап.
2024 жылдың 5 сәуірінде Ақорда берген ақпаратқа сай, Қасым-Жомарт Тоқаев Хиуа қаласына жұмыс сапары барысында Президент Шавкат Мирзиёевпен бірге Өзбекстан жеңіл өнеркәсібіндегі үлгілі кәсіпорындардың бірі саналатын "HIVA GILAMLARI" кілем тоқу фабрикасын аралап көрді.
Іргесі 1977 жылы қаланған кәсіпорынға жаңа инвестор толықтай реконструкция жасаған. Мұнда жылына 4,2 миллион шаршы метр кілем тоқитын төрт цех жұмыс істейді.
Мемлекеттер басшыларына акрилден иірілген жіп өндіру цехы, кілем тоқу цехтары және дайын кілем үлгілерінің шоу-румы көрсетілді.
Кәсіпорын директоры Камол Абдуллаевтың айтуынша, фабрика кілемдері ішкі нарыққа сатылады, сондай-ақ ТМД елдеріне, ҚХР мен АҚШ-қа экспортқа шығарылады.
Содан кейін, президенттер Өзбекстан өнеркәсіп тауарларының көрмесін тамашалады
Павильондарда арнаулы техника, электр техникалық жабдықтар үлгілері, бау-бақша шаруашылығының селекциялық жетістіктері, тоқыма, химия, тамақ, фармацевтика өнеркәсібі өнімдері, жібек, тері және зергерлік бұйымдар көрмеге қойылған.
Президенттер шекаралас облыстар аумағында экспортқа бағдарланған кәсіпорындар кластерін құрудың маңызды екенін атап өтті.
Мемлекеттер басшылары Арал теңізінің табанына сексеуіл егіп, аймақтағы экологиялық ахуалды жақсарту үшін бірлескен күш-жігер жұмсау қажет екеніне назар аударды.
Естеріңізге сала кетейік, Мемлекет басшысын Үргеніш қаласының әуежайында Президент Шавкат Мирзиёев қарсы алды.
Сапар аясында екі ел басшылары бейресми кездесу өткізіп, Хиуа қаласындағы кәсіпорындар мен мәдени нысандарды бірге аралап көреді деп жоспарланып отыр.
Оқи отырыңыз: Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жұмыс сапарымен Өзбекстанға барды