Сенат медиацияға қатысты заң қабылдады

07.04.2022 21:49

Отырыс барысында сенаторлар депутаттық сауалын жолдады

Сенат медиацияға қатысты заң қабылдады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.


Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен өткен палата отырысында Біріккен Ұлттар Ұйымының медиация нәтижесінде қол жеткізілген халықаралық татуласу келісімдері туралы конвенциясын ратификациялау туралы заңды қарап қабылдады. Конвенция қатысушы мемлекеттердің екі және одан да көп компаниясы арасындағы халықаралық коммерциялық дауларына ғана қолданылады. Бұл соттан тыс медиацияны жетілдіруде оң қадам болып отыр.

«Қазіргі таңда медиация коммерциялық дауларды реттеудің баламалы және тиімді құралы. Конвенция бизнеске және инвесторларға медиациялық келісімдердің өзге мемлекеттерде орындалуына қосымша кепілдік береді», – деді ҚР Парламенті Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев.

Отырыс барысында сенаторлар депутаттық сауалын жолдады. Нұрлан Бекенов мемлекеттің сыртқы қарыздарының өсуіне және олардың тиімсіз пайдаланылуына байланысты алаңдаушылық білдірсе, Сенат депутаты Нариман Төреғалиев жол мәселесіне назар аударуды сұрап, Батыс Қазақстан облысындағы жолдардың сапасы сын көтермейтінін айтты.

«Күні кеше облыс тұрғындарымен кездескенімізде осы мәселеге қатты алаңдады. Жолдың қазіргі жағдайы халықты әбден әбігерге салды. Аудан халқы облыс орталығына бару үшін 12 сағат жүруге мәжбүр. Жол азабынан Батыс Қазақстан халқы әбден мезі болды», – деді ҚР Парламенті Сенатының депутаты Нариман Төреғалиев.

Ал Андрей Лукин лауазымды тұлғалардың тәртіптік жауапкершілігін қарастыруды сұрады. Сенатордың айтуынша, олардың кесірінен бизнеске қарсы 8745 әкімшілік іс заңсыз қозғалған. Әділет министрі Қанат Мусин Президент тапсырмасына сәйкес Қазақстанда үш партия тіркеуге құжат тапсырғанын жеткізді. Айтуынша, онда ұйымдастыру тобына кіретін әрбір адамның жеке мәліметтері көрсетіледі. Бірақ саяси ұйымдар оны дұрыс көрсетпеген.

«Кейбір адамдардың жеке сәйкестендіру нөмірі дұрыс емес. Ұйымдастыру тобының тізімінде қайтыс болған жандардың аты-жөні жүр. Басқа партиялардың мүшелері де бар. Заң бойынша оларды алдымен партия құрамынан шығару қажет. Егер олар барлық құжатты дұрыстап тапсырса тіркейміз. Ешқандай кедергі жоқ», – деді ҚР Әділет министрі Қанат Мусин.

Әділет министрі Қазақстанда жаңа аймақтарды бөлу туралы шешім 1,5 ішінде қабылданатынын айтты. Оның сөзінше, қазір облыстардың бюджетін бөлу және шекараны анықтау жұмысы жүргізіліп жатыр.

Қаламқас Нысанбай, Нұрлан Өтеген, «Алматы» телеарнасы, Нұр-Сұлтаннан

Теги: сенатор