Бір құжатты келісу шараларына 9 ай мерзім жұмсалған
«Жастар жылы тәмәмдалып қалды, ал сіздер тек оянып жатырсыздар». Дәл осылай деген Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Үкіметке, Білім және ғылым министрлігіне тапсырған маңызды жоба іске асырылмағанын сынға алды. Өкініштісі, «Жас маман» жобасының орындалмауына еліміздегі қағазбастылық себеп, деп жеткізді Мәжіліс спикері.
«Бір құжатты келісу шараларына 9 ай мерзім жұмсалған. Бір ғана бұйрықты дайындауға осыншама уақыт кетті. Бір жарым беттік бір ғана қаулы төрт ай бойы келісілген. Ал бір жарым айдан кейін ережелер жобасы әзірленеді. Тағы ай бойы үш министрліктің арасында келісу жүреді. Тек 27 қыркүйекте Білім министрінің бұйрығы шығады. Тоғыз ай! Тоғыз айда әйелдер бала көтеріп, босанып үлгереді ғой», – деді ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы Нұрлан НЫҒМАТУЛИН.
Айта кетейік, бүгін Ел Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында «2019-2021 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» Заңына өзгерістер енгізу туралы» заң жобасы мақұлданды. Осы орайда әлеуметтік салаға жұмсалатын қаржы 6,7 млрд теңгеге ұлғайтылғанын атап өткен жөн. Бұл сома атаулы әлеуметтік көмекті төлеуге, медициналық көмек көрсетуге және денсаулық сақтау нысандарының құрылысын жалғастыруға бағытталмақ.