«Дүрлігудің қажеті жоқ». Президент еліміздің Конституциялық Кеңесіне не себепті жүгінгенін түсіндірді, деп хабарлайды Almaty.tv.
Айта кетейік, кеше Нұрсұлтан Назарбаев Конституциялық Кеңеске Қазақстан Республикасы Конституциясының 42-бабының 3-тармағына ресми түсіндірме беру туралы өтініш жолдаған еді. Бұл бап мемлекет басшысының өкілеттігін тоқтату шарттарына қатысты. Ал бүгінгі мәлімдемесінде Елбасы кешегі сауалын тосын бір жаңалық емес, күйбіңнің бір мысалы деп түсіндірді.
Ақорда баспасөз қызметі таратқан бейнежазбада Елбасы Конституция қабылданған сәттен, яғни 1995 жылдан бері Конституциялық Кеңеске 220 өтініш жолданғанын, оның ішінде Президенттен 22 өтініш түскенін айтты. Кеңес Конституциялық заңға ресми түсіндірме беруге құқылы деді Елбасы. Сондай-ақ, заңнамада олқылықтардың орын алуы – болып тұратын жағдай деп түсіндірді. Мәселен, конститутцияда Президентті алмастыру жолдары айқындалмаған. Өз еркімен отставкаға кету жағдайы қарастырылмапты. Мәселелерді ескерген Президент Кеңестен осы ережені түсіндіруді сұраған. Нұрсұлтан Назарбаев бұл түсіндірме туралы өтініш ел арасында сайлау боларын да меңзеуі мүмкін деген қауесетке нүкте қойды.
«Бұл тақырыпқа қатысты жұртты дүрліктірудің қажеті жоқ. Ата заңымызда, «Қазақстан Республикасының президенті туралы» Конституциялық заңда сайлау өткізудің тәртібі мен уақыты, өкілеттіліктің аяқталу мерзімі анық жазылған. Конституцияға сәйкес Президент кезектен тыс сайлау өткізу жөнінде мәлімдеме жасауға құқылы, бірақ ондай жағдай бола қоймас. Сондықтан тыныштық сақтап, күнделікті жұмыспен айналыса беру керек», – деді Қазақстан Республикасының президенті Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ.